Прокуратура олардың елуіне тәртіп орнатқан
Түркістан облысының прокуратурасы санитарлық талаптарды бұзған 70 мектептің асханасына талдау жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратураның мәліметіне сүйенсек, бұл мектептердегі асханаларды мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында кәсіпкерлер жалға алған. Облыстың прокуратурасы тексеру қорытындысынан кейін облыс әкімдігіне акт жіберген.
Сол құжаттың негізінде 50 білім беру мекемесі санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің қорытындысын алып, соның арқасында 12 184 бала дұрыс тамақтанатын болған.
«Ал, прокуратура тәртіп бұзған әкімшіліктер мен кәсіпкерлерге қатысты 81 хаттама толтырып, 7,3 млн теңгеге айыппұл салған», - деп хабарлады Түркістан облысының прокуратурасы.
Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов 1 ақпаннан бастап санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер мектептерді ескертусіз тексеретінін еске салды.