Сонымен қатар Бас прокурордың қорғалу мәртебесіне қатысты өзгерістер енгізу ұсынылды
Конституциялық комиссияның екінші отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Бас прокурордың бес жылдық өкілеттік мерзіміне өзгерістерді атады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Минстрдің айтуынша, құқықтық айқындықты қамтамасыз ету мақсатында Конституцияның 82-бабына өзгеріс енгізу ұсынылды. Атап айтқанда, Жоғарғы сот төрағасының өкілеттік мерзімі ішінде бір мезгілде Жоғарғы соттың судьясы болып табылатыны нақты көрсетіледі. Сонымен қатар аталған баптың жергілікті және басқа соттардың төрағаларын, сондай-ақ сот алқаларының төрағаларын тағайындауға қатысты нормаларын алып тастау көзделіп отыр. Бұл мәселелерді Конституциялық заң деңгейінде реттеу орынды деп саналады.
«Сондай-ақ Конституцияда адвокатураның мәртебесін жеке баппен бекіту ұсынылды. Адвокатура сот жүйесінің элементі емес, құқық қорғаудың дербес институты ретінде танылады. Бұл конституциялық жаңалық мемлекет кепілдік беретін кәсіби заң көмегіне қолжетімділік құқығын нығайтуға бағытталған.
Бұдан бөлек, Конституцияның 83-бабынан Бас прокурордың бес жылдық өкілеттік мерзіміне қатысты норма алып тасталады. Сонымен қатар Бас прокурордың қорғалу мәртебесіне қатысты өзгерістер енгізу ұсынылады. Атап айтқанда, Бас прокурорды өз өкілеттік мерзімі ішінде қылмыс үстінде немесе ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларды қоспағанда, Президенттің келісімінсіз ұстауға, күзетпен ұстауға, күшпен әкелуге, сот тәртібімен белгіленетін әкімшілік жаза қолдануға және қылмыстық жауаптылыққа тартуға жол берілмейді», - деді ол.
Осыған ұқсас түзетулер Конституцияның 71-бабында және өзге де баптарында Конституциялық соттың төрағасы мен судьяларына, барлық тұрақты судьяларға, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты көзделеді.