Елордадағы стационарлардың 87%-ы науқасқа толды – Алтай Көлгінов
Қала әкімі CОVID-19 бойынша қазіргі жағдайды баяндады
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елордада ашылған қосымша стационарлар жөнінде мәлімет берді. Әкімнің айтуынша, бүгінде елордада стационарлар саны 13-ке жеткен.
«Карантин басталған уақытта 3 стационар (1000-ға жуық орын) болса, қазір стационарлар саны 13-ке (немесе 3700-ден астам орын бар) көбейді. Оның 87%-ы науқастарға толды. Дәрігерлер азаматтарды емдеу үстінде.
Жүкті әйелдерге арнайы перинаталды орталық ашылды. Республикалық ұлттық ғылыми орталығында 240 орын аштық. Оның 40 орны - реанимация, кардиоорталықта 60-тан астам ауыр халдегі азаматтарға арналған реанимация ашылды. №1 аурухана толықтай коронавирус стационарына ауысты. Ол жердегі пациенттер басқа ауруханаға жіберілді. «Ramada Plaza» қонақүйінде 500 орындық стационар ашылды. Оның 60%-ы науқасқа толды», - деді қала басшысы.
Қала басшысының айтуынша, егер эпидемиологиялық жағдай күрделенетін болса, қосымша 1000-нан астам орын ашуға мүмкіндік бар.