Аса ауыр жемқорлық қылмысы өткен жылмен салыстырғанда 3 есе өсті – агенттік

Автор: Azattyq Rýhy

Соңғы 2,5 жылда анықталған залалдың 91%-ы өтелген

фото: Батыржан Беспаев

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Стратегия және жедел басқару департаментінің басшысы Нұрлан Жақсымбетов Агенттіктің залалды өтеу және бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың алдын алу бойынша атқарылған жұмыс нәтижесін баяндады.

«2020 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша тіркелген аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысының саны 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 есеге өсті. Ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша өсім 10%-ды құрады. Жүйелі сыбайлас жемқорлық фактілерінің жолын кесу 22%-ға артты», - деді Н. Жақсымбетов.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің нәтиже көрсетудегі басты талаптарының бірі – қылмыстық әрекет салдарынан мемлекетке келтірілген шығынды өтеу.

Талдау көрсеткендей, 2020 жылдың жартысында қазынаға 33,2 млрд теңгені өтеді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен екі есеге көп (15,2 млрд теңге).

Соңғы 2,5 жылда 74,6 млрд теңге немесе анықталған залалдың 91%-ы өтелген. Агенттіктің есептеуінше, бұл қаражатқа 37 мектеп немесе 70 балабақша салуға болады (есепке типтік мектептер мен орта мөлшердегі балабақшалар алынды).

Мемлекетке келтірілген залалды анықтау, оның жолын кесу және өтеу жөніндегі барлық ауқымды жұмысты агенттіктің небәрі 660 жедел қызметкері мен тергеушісі жүзеге асырады.