Оларға арнайы әлеуметтік төлем төленуі мүмкін
Бұған дейін хабарлағынымыздай, бүгін үкімет Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын мақұлдаған болатын. Осы кешенді жоспарға сай, шопандар мен бақташыларды әлеуметтік қолдау мәселелері де қаралады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, Кешенді жоспардың жобасында саланы кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі ерекше қаралады.
Дәлірек айтсақ, мал шаруашылығы қызметкерлері үшін әлеуметтік жағдайлар жасау, оның ішінде шопандар мен бақташылардың 55 жасқа толғаннан кейін арнайы әлеуметтік төлемдер алу құқығын қамтамасыз ету, мамандар үшін тұрғын үй құрылысын салу және тағы да басқа шаралар көзделген екен.
Жоспардың іс-шаралары негізінен бюджетте көзделген қаражатқа, бюджеттік несиелер және қаржы институттарының облигациялары бойынша купондық сыйақыны субсидиялау бағдарламалары есебінен орындалмақ.
Премьер-министр Олжас Бектенов Кешенді жоспардың шаралары ішкі нарықты отандық өніммен жүйелі түрде қанықтыруды және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша болжамды баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге тиіс екенін атап өтті.