Алматы мектептерінде теракт дайындалып жатыр деген ақпарат тарады

Автор: Нұргүл Абай

Полиция мәлімдеме жасады

Фото: ЖИ жасаған

Әлеуметтік желіде Алматының мектептеріне бүгін шабуыл жасалатыны туралы ақпарат тараған. Қаланың полиция департаменті мұны жоққа шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Алматы қаласындағы бірнеше мектепте теракт дайындалып жатқаны туралы ақпарат тараған.

«Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді және жалған», - деп мәлімдеді полиция.

Қазір қаладағы оқу орындарында жағдай толық бақылауда. Полиция мен басқа да жедел қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, балалар мен мұғалімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шара қабылданып жатыр, деп атап өтті ПД.

Полиция желіде жалған ақпарат таратқандарды іздеуге кіріскен.

«Фейк хабарламаның авторы анықталуда. Оны таратуға қатысы бар адам Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады», - деді полициядағылар.

Тәртіп сақшылары азаматтардан тексерілмеген хабарламаларды бір-біріне таратпауға шақырды.