Абай облысында шенеуніктердің қателігінен жетім бала тұрғын үй кезегінен шығып қалған
Жаңа тізім жасаған кезде баланың деректері жоғалып кеткен
Абай облысында сот жетім баланың құқығын қорғап, оны тұрғын үй кезегіне қайта қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы кәмелетке толмаған тәрбиеленушінің мүддесін қорғау үшін сотқа талап-арыз берген.
Анықталғандай, жетім бала баспанаға мұқтаж азаматтар тізімінде тұрған. Алайда Абай облысы жаңадан құрылған кезде оның деректері жоғалып, жаңа тізімге енбей қалған.
Сот Абай облысы Жаңасемей ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен Семей қаласының тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мамандары өз жұмысына немқұрайлы қарап, жетім баланың құқықтарын бұзды деп шешім шығарған. Осылайша орталықтың талап-арызын қанағаттандырып, лауазымды тұлғалардың әрекетін заңсыз деп таныды. Ал Отбасы банкті жетім баланы 2016 жылдан бастап тұрғын үй кезегіне қайта қоюға міндеттеді.
Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін Отбасы банк бір айдың ішінде баланы «Жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша кезекке қайта қосқан.