Бурабайда екі өрт сөндіру бөлімшесі жабылады – ТЖД мәлімдеме жасады
Өрт сөндірушілердің әйелдері президентке бейнеүндеу жолдаған
Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаменті Бурабай ауданындағы 5-ші және 20-шы өрт сөндіру бөлімшелерінің жабылатыны туралы ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Бурабай ауданында істейтін өрт сөндірушілердің әйелдері президентке бейнеүндеу жолдап, өрт сөндіру бөлімшелерін жаппауды өтінген.
Ақмола облыстық ТЖД 5-ші және 20-шы өрт сөндіру бөлімшелері неліктен жабылғалы жатқанын түсіндірді.
«Бурабай ауданының өрт сөндіру бөлімдерінің (20 және 5-ӨСБ) штаттық бірліктері Ақмола облысы ТЖД құрамына кіретін елордалық өрт сөндіру бөлімшелеріне қайта бөлінді. Қысқартуға түскен қызметкерлер жақын маңдағы өрт сөндіру бөлімшелеріне жұмысқа орналасады, осылайша олардың тәжірибесі сақталып, әлеуметтік кепілдіктері қалады. Айта кетері, қызметкерлер бұл өзгерістер туралы алдын ала хабардар етілген және олар жаңа бөлімшелерде қызметін жалғастыруға дайын екенін білдірді. Бұл шешім елорда маңындағы аудандарда халық санының өсуіне байланысты және құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасы мен кадрлық қамтамасыз етуін күшейтуді талап етеді», - деп мәлімдеді ТДЖ.
Облыстық ТЖД атап өткендей, Бурабай ауданында елордалық гарнизонмен салыстырғанда жүктеме төмен. Мысалы, былтыр 5-ші және 20-шы бөлімшелер өртке небәрі 27 рет шыққан. Осыған байланысты олардың ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесі туындады, дейді ведомство.
«5-ші өрт сөндіру бөлімшесі 1956 жылы, ал 20-шы бөлімше 1961 жылы пайдалануға берілген. Екі ғимарат тозығы жетіп, апатты деп танылған, сондықтан жеке құрам үшін қауіп төндіреді. Осыған байланысты, осы аудандарда Щучье-Бурабай курорттық аймағының барлық аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімдері салынды және толық жасақталды», - деді ТЖД.