Биыл Ақордаға 82 мыңнан астам адам өтініш жазған

Автор: Бақыт Шынар

Президент әкімшілігі олардың бәрін қарайды

Фото: Ақорда

2025 жылы Президент Әкімшілігіне 82,5 мың өтініш келіп түскен. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Оның айтуынша, биыл президент пен президент әкімшілігінің жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі - «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» болған.

«2025 жылы Президент Әкімшілігіне 82,5 мың өтініш келіп түсті. Бүгінде азаматтардың талап-тілегін сапалы қарау үшін eOtinish жүйесінде толық цифрлық инфрақұрылым жасақталды. Оған 50 мың ұйым және 320 мың қызметкер қосылды», - деп хабарлайды Руслан Желдібай.

Өтініштерді қарау үдерісі ұдайы жетілген көрінеді: жасанды интеллект элементтері енгізіліп, АҚШ, Оңтүстік Корея және Сингапур секілді озық елдердің цифрлық үкімет тәжірибесі зерделенген.

«Диалог офлайн-форматта да жүреді. Өңірлерде азаматтардан өтініш қабылдайтын 150-ден астам орталық жұмыс істейді. Биыл 360 мыңнан аса адам көмек алды», - деп жазады Желдібай.