Республикалық кеңес отырыстарында жұмысшы мамандықтарын дамыту, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет пен дәрігер тапшылығын шешу мәселелері талқыланған
«AMANAT» партиясы жанындағы білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңес бір жылдық жұмысын қорытындылады. Биыл кеңес отырыстарында білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланып, оларды дамытуға бағытталған нақты шешімдер қабылданды. «Халықаралық травматология және ортопедия ғылыми орталығы» ЖШС бас директоры, республикалық кеңестің мүшесі Еркін Жүнісов атқарылған жұмыстар мен кеңес мүшелері ұсынған бастамалардың бүгінгі күні қалай жүзеге асып жатқанын толығырақ баяндап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, биыл республикалық кеңестің отырыстарында жалпы мемлекеттік деңгейдегі ең өзекті мәселелер қаралған. Соның ішінде қазіргі таңда аса маңызды бағыттардың бірі — жұмысшы мамандықтарын дамыту, кәсіптік колледждер мен жоғары оқу орындарында жаңа мамандықтардың бағыттарын айқындау, сондай-ақ осы салада қордаланған мәселелерді шешу жолдары.
«Жылдың аяғында қабылданған ұсыныстардың нақты іске асып жатқанын көріп отырмыз. Кеңес қабылдаған шешімдердің жүзеге асуына кеңес мүшесі ретінде мен де өз үлесімді қостым. Дәлірек айтқанда, Астанадағы Құрылыс-техникалық колледжінің базасында жаңа өндіріс аштық. Дуальды білім беру жүйесі аясында студенттер жұмысшы мамандықтарын меңгеріп жатыр. Өндіріс үшін заманауи станоктар әкеліп, Қазақстанда бұрын болмаған жаңа өндіріс бағыттарын ашып жатырмыз. Бүгінде колледж студенттері оқуымен қатар өндірісте жұмыс істеп, жалақы алып, нақты мамандықты тәжірибе жүзінде игеріп жатыр. Алғашқы кезеңде біз өндірістік алаң құрып, студенттердің сол жерде тәжірибеден өтуіне мүмкіндік жасадық. Осы арқылы теория мен практиканы тиімді ұштастыра білдік. Осы ретте, кеңес мүшесі ретінде жылдың басында, сәуір айында өткен отырыста қабылданған шешімдердің қаншалықты тиімді әрі өміршең болғанын өз тәжірибемде анық сезіндім. Бұл бастамалар жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, кәсіби білім беру жүйесінің нақты нәтижеге бағытталғанын көрсетті», - дейді Жүнісов.
Республикалық кеңесте талқыланған екінші өзекті әрі күрделі мәселе — санитарлық-эпидемиологиялық бағытты республика деңгейінде дамыту жолдары. Отырыста бұл саланың қазіргі ахуалы, шешімін күткен мәселелер және оларды жүйелі түрде шешу тетіктері жан-жақты қарастырылған.
«Жалпы санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің тиімді дамуы — мемлекетіміз үшін өте маңызды мәселе. Себебі қазір түрлі жұқпалы аурулар, вирустардың таралу қаупі, қоғамдық тамақтану орындарындағы улану жағдайлары өзектілігін жоғалтқан жоқ. Осы мәселелер республикалық кеңес деңгейінде кешенді түрде қаралды. Атап айтқанда, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің жаңа форматын қалыптастыру, осы салаға қажетті кадрларды даярлау, өңірлерде жұмыс істейтін мамандардың жалақысын көтеру, сондай-ақ қоғамдық орындарда санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз етуге қатысты нормативтер талқыланды. Бұл бағытта Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан нақты әрі ұтымды ұсыныстар беріліп, кеңес мүшелері тарапынан қолдау тапты.
Отырыста ерекше мән берілген маңызды мәселелердің бірі — санитарлық-эпидемиологиялық қызметтегі кейбір мамандықтардың классификаторын қайта қарау туралы ұсыныс болды. Талқылау барысында бірқатар мамандардың кәсіби мәртебесі медициналық емес деңгейге төмендеп кеткені анықталды. Осыған байланысты олардың бұрынғы кәсіби дәрежесін қалпына келтіру жөнінде республикалық кеңес тарапынан орынды ұсыныстар енгізілді. Бұл бастамалар денсаулық сақтау министрлігі арқылы іске аса бастады», - деді кеңес мүшесі.
Сонымен қатар, оның айтуынша, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет саласында еңбек етіп жүрген кейбір қызметкерлердің жалақы тарифтерінің төмендігі де күн тәртібіне шығарылған. Денсаулық сақтау министрлігі өз ұсыныстарын ортаға салса, кеңес мүшелері тарапынан бірқатар нақты бастамалар айтылған. Нәтижесінде ұсыныстардың басым бөлігі министрлік тарапынан қабылданып, қазіргі таңда өңірлердегі санитарлық-эпидемиологиялық қызметкерлердің жалақысына қосымша үстемеақы қосыла бастады.
«Алдағы жылы да жалақыны арттыру және жас мамандарды әлеуметтік қолдау шаралары жалғасады деген сенімдеміз», - дейді Жүнісов.
Бұдан бөлек, республикалық кеңесте білім беру бағыты бойынша да маңызды мәселелер қаралған. Әсіресе мектепке дейінгі білім берудің маңыздылығы, жекеменшік балабақшаларға қойылатын талаптарды қайта қарау және оларды қаржыландыру тетіктерін жетілдіру мәселелері талқыланды.
«Республикалық кеңесте дәрігерлер арасындағы кадр тапшылығын шешу жолдары талқыланды. Бұл мәселе бәрін алаңдатады, әсіресе ауылдық жерлерде жағдай өте өзекті. Қазір көптеген аурухана жаңғыртылып, медициналық пункттер ашылып жатыр, енді оларды білікті мамандармен қамтамасыз ету қажет. Отырыс барысында денсаулық сақтау министрлігінің кадр саясатына қатысты толық стратегиясы тыңдалып, кеңес мүшелері өз ұсыныстарын айтты. Министрліктің мәліметінше, биыл дәрігерлер тапшылығы 27-32 пайызға дейін азайған. Жалпы кадр тапшылығы мәселесі Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге тән. Өйткені медицина саласында оқу ұзақ уақытты алады, оқу ақысы да қымбат. Ал қазіргі жастар көбіне қысқа мерзімде оқып, тез табыс табуға болатын мамандықтарды таңдайды. Дегенмен, медицина — үлкен жауапкершілік пен қажырлы еңбекті талап ететін сала, әрі халықтың денсаулығы үшін аса маңызды.
Мен республикалық кеңестің отырысында мынадай ұсыныс айттым. Үлкен қалалардағы медициналық университеттерді бітірген жастар ауылдық ауруханаларда қалуы үшін сол жердегі жағдайды жақсарту қажет. Маман келген кезде, оның білімі мен тәжірибесін іске асыруға қажетті құрал-жабдықтар болуы тиіс. Қазіргі кезде облыстық немесе республикалық деңгейдегі университеттен келген маман аудандық ауруханаға келгенде қажетті жабдық жоқ. Осы мәселені облыс әкімдері мен әлеуметтік салаға жауапты орынбасарларына жеткізу керек. Өйткені жас мамандарға тек үстемеақы немесе әлеуметтік қолдау жеткіліксіз. Өңірлерге мамандарды жібермес бұрын, олардың жұмыс жағдайына стандарт жасайық. Үкіметтің қаулысымен жас мамандар ауылдарға үш жыл еңбек етуге жіберіледі, бірақ біз олардың сол жерде әрі қарай қалуына мүдделіміз ғой. Денсаулық сақтау министрлігі біздің ұсынысымызды қабылдап, қазіргі уақытта әрбір мамандық үшін стандарт енгізілуде. Енді аудандық ауруханаларда әр мамандыққа қажетті құрал-жабдықтар болуы тиіс. Бұл да кадр тапшылығын шешудің тиімді жолдарының бірі», - дейді ол.
Тағы бір ұсыныс — Қазақстандағы жоғары медициналық оқу орындарының кадрларды дайындауда қандай модель қолдану керек екені жайлы болған.
«Қазіргі модельді сақтаймыз ба, әлде ескі модельге ораламыз ба деген сұрақ туындады. Жоғары оқу орындарында білім беру бағдарламаларының сапасы өте маңызды: студент бірінші курсқа түсіп, дәрігер болып шыққанда сапалы жұмыс істей алатындай дайын болуы тиіс. Мен кеңестің мүшесі ретінде өз ұсынысымды білдірдім. Бұл бағдарламаларды жиі ауыстыруға болмайды. Бағдарламаны жыл сайын ауыстыра берсек, ертең қай дәрігерді қалай дайындағанымызға өзіміз есеп бере алмай қаламыз. Сондықтан барлық медициналық университет бір модельге сүйенуі қажет екенін атап өттім», - дейді Жүнісов.
«Келесі жылға жоспарымыз — биылғы атқарылған жұмыстардың нәтижесін сараптап, өткізілген отырыстардың қаншалықты жүзеге асқанын анықтау. Сондай-ақ кеңес мүшелері жасанды интеллектіні, IT және цифрлық технологияларды дамыту, өндірістік салаларды жетілдіру, ғылым мен технологияның экономикаға әсері туралы мәселелерді талқылайды деп жоспарланып отыр», - деді кеңес мүшесі.
Ал Жүнісовтің өзі алдағы жылы жұмысшы мамандықтарды әрі қарай дамытуға және жасанды интеллектінің денсаулық сақтау саласындағы рөлін айқындауға баса назар аудармақ.