«Арзан азық-түлік 2021 жылдан бері қоймада жатыр»: депутат тұрақтандыру қорларының былығын ашты
Темір Қырықбаев кейбір аймақтарды ерекше атап өтті
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Темір Қырықбаев кеше Мәжіліс отырысында талқыланған мәселе, яғни, Жоғары аудиторлық палатаның жеке кәсіпкерлік субъектілеріне көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне қатысты пікір білдірген, деп жазады Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, талқылау барысында Үкіметтің бизнесті субсидиялау саясатының нақты нәтижесі, оның жарияланған мақсаттарға сәйкестігі және ең бастысы – бұл шаралардың қарапайым азаматтардың тұрмысына қаншалықты әсер етіп отырғаны жөнінде өткір әрі орынды сұрақтар қойылды.
«Осы орайда тұрақтандыру қорларының қазіргі жағдайына ерекше назар аударғым келеді. Себебі мұнда тек бизнесті қолдау тетіктері туралы емес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұруға бағытталған мемлекеттің тікелей міндеті сөз болып отыр. Естеріңізге сала кетейін, тұрақтандыру қорлары 2011–2012 жылдары дағдарысқа қарсы құрал ретінде құрылған болатын. Мемлекеттің сол кездегі логикасы айқын еді: баға құбылған кезеңдерде нақты тауар қоры болуы және нарыққа жедел шығу мүмкіндігі арқылы бағаның өсуін тежеу, азаматтардың сатып алу қабілетін қорғау қажет болды. Алайда арада он жылдан астам уақыт өтсе де, бұл механизм бүгінгі таңда бастапқы мақсатына сай жұмыс істемей отырғанын мойындауымыз керек», - деп жазған депутат жеке парақшасында.
Жоғары аудиторлық палатаның есебі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың бағаны тұрақтандыру процесіне қатысуы тиімсіз екенін айқын көрсетіп отыр, дейді Қырықбаев. Соның салдарынан азық-түлік арзандаудың орнына, қымбаттай берген.
«Соның салдарынан негізгі азық-түлік бағасы өсуде: бір жыл ішінде картоп шамамен 40 пайызға, ал пияз 20 пайызға қымбаттаған. Бұл – жүйелі болжам мен тиімді басқарудың жоқтығын білдіреді. Ең сорақысы, бюджет қаржысына сатып алынған өнімдердің халыққа жетпей, қоймаларда бұзылып жатқаны. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің деректеріне сүйенсек, соңғы екі жылда сатып алынған өнімнің небәрі 19 пайызы ғана сатылған. Ал қалған бөлігі 2021 жылдан бері қоймаларда жатып, бағаны тұрақтандыру міндетін орындамай отыр», - деп жазған депутат.
Қызылорда облысындағы жағдай да осының нақты мысалы, дейді ол. Мұнда тұрақтандыру қорының қоймаларында шамамен 1,8 млрд теңгенің өнімі есепте тұрғанымен, сақтау орындары ұзақ мерзімге лайықталмаған, ал әлеуметтік дүкендерде ет пен сүт өнімдері жетпейді.
«Тағы бір алаңдататын жайт, тұрақтандыру қорларына бөлінген қаражаттың айналымнан шығарылып, депозиттерге орналастырылуы. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бір жыл бойы 2 млрд теңгеден астам қаражатты депозитте ұстаған. Аудиторлық материалдар мұндай жағдайлардың өзге өңірлерде де бар екенін көрсетеді. Жоғары аудиторлық палата қазіргі форматта әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың бағаны тұрақтандыру тетіктеріне қатысуы орынды емес екенін атап өтті. Бүгінде СПК-лардың өзінде тұрақтандыру қорларымен жұмыс істеудің нақты әрі түсінікті алгоритмі жоқ. Өнімдер қалай және қашан сатылатыны алдын ала жоспарланбайды, тауар «қолайлы сәтті» күтіп қоймаларда ұсталады, ал нәтижесінде нақты әрекет жасалмайды», - деді алаңдаған Қырықбаев.
Талқылау нәтижесі бойынша Мәжіліс депутаттары жағдайды түбегейлі өзгертуге бағытталған нақты ұсыныстар айтқан.