Біз қазір ел өміріндегі тағдыршешті реформалар кезеңіне қадам бастық дейді президент
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы реформалар кезеңінде мемлекеттік аппараттан батылдықты, жоғары қарқын мен нақты нәтижені талап етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президент қазір бүкіл әлем күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын атап өтті. Соған қарамастан еліміз жақсы қарқынмен дамып келеді. Өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік-логистика салалары дамудың қозғаушы күшіне айналған.
«Жыл қорытындысы бойынша экономикамыз 6 пайызға өседі деп болжанып отыр. Ал жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 15 мың доллардан асады. Жүйелі түрде жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыс өз нәтижесін беруде. Біз қазір ел өміріндегі тағдыршешті реформалар кезеңіне қадам бастық. Бүкіл мемлекеттік аппарат, бірінші басшыдан қарапайым қызметкерге дейін мұны терең түсінуі керек. Бұрын-соңды болмаған маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін жоғары қарқын мен бастамашылық таныту қажет. Батыл, шеңберге сыймайтын, бірақ ақылға қонымды шешімдер қабылдаған жөн», - деді Тоқаев Астананы дамыту жөніндегі кеңесте.
Осы орайда президент барлық шенеуніктен елге пайдасы бар жұмысты талап етті.
«Мемлекеттік қызметте той тойлап жүруге, жалқаулыққа, жұмысқа жауапсыз қарауға орын жоқ. Халыққа әдемі есеп емес, нақты іс керек. Сондықтан барлық басшы мен лауазымды тұлғадан елге пайдасы бар жұмыс талап етемін. Алдымызда атқаратын міндет көп», - деді ол.