Құрылыс 2027 жылы басталады
Бүгін Астананы дамыту туралы кеңес өткізген президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қабанбай батыр даңғылында екі деңгейлі жол салу туралы тапсырма берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жеңіл рельсті көлік жобасы да өте маңызды. Көп ұзамай оны толық іске қосу керек. Мен жеңіл рельсті көлік желісін ұзарту туралы ұсынысты қолдаймын. Бұл қадам көлік кептелісін азайтуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Үкімет, ең алдымен, жобаны қаржыландыру мәселесін шешуге тиіс», - деді Тоқаев.
Бұдан өзге президент Қабанбай батыр даңғылын екі қабатты жол ету туралы тапсырма берді.
«Сондай-ақ Қабанбай батыр даңғылында екі деңгейлі жол салу туралы ұсынысқа қолдау білдіремін. Жобаның құжаттарын келесі жылы әзірлеп, 2027 жылы құрылысты бастау қажет. Бұған қоса, Үкімет әкімдікпен бірлесіп, Тәуелсіздік даңғылын ұзарту жұмысын жалғастыруы керек», - деді Тоқаев.