Тараз әкімдігі қараша келмей жатып Жаңа жылға дайындықты бастап кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Тараз әкімдігі жаңажылдық шыршаға деп бюджеттен 15 млн теңге бөліп отыр

Жыл соңында еліміздің барлық өңірлерінде әртүрлі форумдар, дөңгелек үстелдер өткізу жиілеп кетеді. Оның басты себебі – бюджетті игеру.

Azattyq Rýhy тілшісі жыл соңы таяғанда әкімдіктердің мемлекеттік бюджетті қай бағыттарда жұмсап жатқанына шолу жасап шықты. Бұл жолы Жамбыл, Павлодар, Қарағанды облыстарына тоқталайық.

Тараздық шенеуніктер бұл жолы Жаңа жыл мерекесіне ерте бастан дайындалып, қалалық ішкі саясат бөлімі тендер жариялап үлгерді. Әрине, әкімдіктегілер тендерді «шырша жасау» үшін деп тікелей айтпаса да, «эстетикалық безендіру қызметі» деп жариялады.

(Скриншот: goszakup.gov.kz, фото: otyrar.kz, әлеуметтік желілерден)

6 метрлік шырша үшін әкімдік 15 млн теңге төлеуге дайын. Оған қоса орындаушы жарықтандыру бойынша бірнеше композиция әзірлеуі тиіс екен. Олар – шанаға жегілген бұғы, қар мен жұлдыздар бейнеленген 2 метрлік безендірулер, «2020» деген жазудан тұратын екі конструкция болу керек.

Бұл жылы Тараз қаласы әкімдігі Жаңа жыл мерекесіне ақша аямаймыз деп отыр. 2018 жылы әкімдік 5,2 млн теңге жұмсап, оның 2,6 млн теңгесіне көшелерді безендіру үшін гирляндалар, неон және дюралайт ілмелер сатып алған. Ал, орталық алаңға бас шыршаны орналастыру мен отшашу ұйымдастыру үшін 2 млн 596 мың теңге жұмсаған.

2017 жылы Жаңа жыл мерекесіне деген шығын көлемі небәрі 2,6 млн теңге ғана. 2017 жылы Тараздағы бас шыршаның көрінісі дәл осындай болған.

Егер 2017-2018 жылдары Тараз төрінде орналасқан бас шыршаға назар аударсаңыз, бұл тендерді қатарынан бір фирма жеңіп алғанын байқауға болады. Өйткені, 2017 жылғы шырша мен 2018 жылғы шыршаның безендірілуінде айырмашылық жоқ, бір-бірін айна-қатесіз қайталайды.

«Әрине, әкімдіктердің ақша аямағаны жеке компаниялар үшін үлкен олжа. Бірақ, бұл бюджет ақшасы ғой. Біздің жұмысымыз басқаша, декорация жасамаймыз. Бірақ тәжірибеме сүйеніп айтайын, мұндай безендірулер соншалықты қымбат тұрмайды. Мынадай шырша мен композиция жасауға ары кетсе 6 млн теңге ғана кетеді. Менің ойымша, мұндай дүниелерді жасағанда ақшаны барынша үнемдеп, қалған қаржыны одан да маңызды дүниелерге жұмсауға болады», - дейді ивент-агенттік жетекшісі Анна Плетнева.

Қарағанды облысының әкімдігі де Жастар форумын өткізу үшін қазынадан 15 млн теңге бөліп отыр.

«Kesarev Consulting» компаниясының кеңесшісі Наталья Малярчуктың айтуынша, ешқандай пайдасы мен нәтижесі болмайтын жастар форумын өткізуге мұндай көлемде ақша бөлу тым көп.

«Қандай нәтиже шығатынын қарау керек. Себебі, осы форматтағы іс-шаралардың басты проблемасы – ұйымдастырушылар нақты нәтижені емес, шараны өткізуді ғана ойлайды. Мұндай шараларда мәселелер көтерілгенмен, нақты ұсыныстар мен шешімдер болмайды, қысқасы ақша ауаға кетіп жатыр», - дейді Наталья Малярчук.

Ал, Павлодарда жағдай басқаша. Қалалық ішкі саясат бөлімі БАҚ беттерінде жағымды жазбалар үшін 2,5 млн теңге төлеуге дайын. Материалдар – әкімдіктердің бағдарламаларды жүзеге асыруы, қаланың мәдени және экономикалық дамуы туралы тек жағымды жағынан жазылуы керек екен. Бұл қаржы интернет жобалар мен әлеуметтік желілер үшін емес, баспа басылымдары үшін жұмсалып отыр.

«Правовой медиа-центр» қоғамдық қорының жетекшісі Диана Окремованың айтуынша, бұл жыл соңында БАҚ үшін жарияланып жатқан кезекті мемлекеттік тапсырыстардың бірі.

«Әкімдіктердің көбі жыл соңында ақшаны игере алмай, шұғыл түрде осындай ірі көлемдегі мемлекеттік тапсырыстар беруге тырысады. Бірақ оның нәтижесі мен пайдасына ешкім басын да қатырмайды, сол себепті далаға кететін шығын деп айта беруге болады», - дейді қоғам белсендісі.

Жоғарыда айтылған үш лотқа байланысты қазірден бастап өтініш берушілер бар. Алайда, бұл қызметті мойнына алған нақты орындаушы анықталған жоқ.