Степногорсктегі Аяз Ата мен Ақшақар тұрғындарды «шошытып» жатыр (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Әкімдік халықтан кешірім сұрағандай болды

Фото: скриншот

Степногорск қаласындағы Қажымұқан алаңына Аяз Ата мен Ақшақардың мүсінін орнатқандар халықтың ашуын туғызды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Азаматтар алаңдағы олардың қорқынышты мүсінін видеоға түсіріп алған. Видеоға пікір жазғандардың біразы қалжыңдаса, біразы ақша желге ұшқан деп, ашуға булықты.

«Мына Аяз Ата мен Ақшақардың суреті балаларды шошытады», «Ақшақар -  UFC шебері сияқты», «Аяз Ата мен Ақшақарды өмір әбден қинапты», - деп жазған халық.

Ал, қала әкімінің орынбасары Дархан Оспанов мүсіндерді қаладағы безендіру ұйымдары салғанын айтқан.

«Биылдан бастап біз қалаға мүсін орнату бастамасын қайта қолға алдық. Қаладағы ұйым өздігімен мүсін орнатып, оны безендірген. Бұл мүсіндерді орнату үшін қала бюджетінен біро теңге де алынған жоқ. Сапасы жоқ болғандықтан мүсіндерді бұздық», - деді қысқа қайырған ол.