Онымен қоштасуға мыңдаған адам жиналған
Бүгін қазақ халқы Алматының Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында қазақ өнерінің абызы, аңызға айналған актер Асанәлі Әшімовті соңғы сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы әкімдігіне сілтеме жасай отырып.
Қоштасу рәсіміне марқұмның туған-туыстары, жақындары, әріптестері, сондай-ақ Асанәлі Әшімовтің өнерін қадір тұтқан мыңдаған азамат жиналып, қазақ өнерінің алып тұлғасымен қоштасты.
Рәсімге Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты.
Қала басшысы Дархан Сатыбалды Асанәлі Әшімовтің дүниеден өтуі орны толмас қаза екенін атап өтті. Оның айтуынша, марқұм тірі кезінде елдің қоғамдық өміріне, қаланың мәдени іс-шараларына белсенді атсалысып, әрбір кездесуге терең мағына мен рухани салмақ дарыта білді.
«Асанәлі Әшімов театр мен кино өнерінің ұлы тұлғасы ғана емес, ұлттық рух пен руханияттың көрнекті өкілі болды. Ол саналы ғұмырын қазақ мәдениетін дамытуға арнап, өнер арқылы халықтың өзіндік санасын, болмысын және тарихын асқақтатты. Талай дарынды шәкірт тәрбиелеп, ұлттық өнерде өзіндік мектеп қалыптастырды. Оның шығармашылық мұрасы бүгінгі және келер ұрпақ үшін мәңгілік адамгершілік әрі мәдени бағдар болып қала береді», — деді қала әкімі.
Айта кетейік, кино және театр өнерінің көрнекті өкілі, қазақ сахнасының символдарының бірі Асанәлі Әшімов 89 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Оның есімі мен бай шығармашылық мұрасы ұлттық мәдениет тарихында мәңгі сақталады.