$ 519.61  610.13  6.54
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 13:05
Қоғам

Қандай жағдайда дәрігерді қорқыту қылмысқа жатады – Аймағамбетовтің жауабы

Қорқыту мен нақты зорлық-зомбылықтың аражігі айқындалған

Қандай жағдайда дәрігерді қорқыту қылмысқа жатады – Аймағамбетовтің жауабы
Фото: parlam.kz

Парламент Мәжілісі медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілерін зорлық-зомбылықтан қорғайтын заңды екінші оқылымда қабылдады. Президенттің тапсырмасымен әзірленген маңызды құжатта 4 млн теңгеге дейін айыппұл, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және қоғамдық жұмыстар көзделген. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов заңның негізгі нормаларын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттар бірінші оқылымнан кейін заң жобасын пысықтап, бірқатар өзгеріс енгізген. Дәлірек айтқанда, қорқыту мен нақты күш қолданудың аражігі ажыратқан.

«Қоғамда «жай ғана қорқытқаны үшін бірден түрмеге жабады» деген алыпқашпа әңгімелер бар, бірақ бұл шындыққа жанаспайды. Егер адам қолына балтасын немесе пышағын алып, кәдімгідей қорқытса, мұны қорқыту деп есептеуге болады. Ал егер үлкен кісі эмоцияға беріліп, жай ғана ауыр сөздер айтса, біз мұны шынымен қорқыту деп айта алмаймыз, себебі оның салдары жоқ. Осындай барлық нюансты тергеушілер қарап, тексереді», - дейді Аймағамбетов Мәжіліс кулуарында.

Айтуынша, қорқытуға қатысты жазалар бастапқы нұсқамен салыстырғанда жеңілдеді. Мысалы, басында 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар көзделсе, енді ол 300 сағатқа дейін қысқарған. Бас бостандығынан айыру немесе шектеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға дейін төмендеді. Айыппұл санкциялары да жеңілдетілген.

«Ал нақты зорлық-зомбылыққа қатысты жазалар өзгеріссіз қалды. Егер дәрігерді ұрып,  денсаулығына зиян келтірсе, бірінші оқылымда қарастырылғандай қатаң жауапкершілік сақталады. Жаза әрекеттің ауырлығына қарай белгіленеді. Ең жеңіл санкция – 500 айлық есептік көрсеткіштен 1000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, ал ең ауыр жаза – төтенше жағдайда адамдарға көмек көрсетіп жатқан дәрігерге кедергі келтіргені үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар. Бірақ оның барлығын сот анықтап, шешім қабылдайды», - деді Аймағамбетов.

Депутат көптеген дамыған елдерде медицина қызметкерлерін қорғайтын нормалар бұрыннан бар екенін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары