Депутат төрт түліктің аналығын асырау үшін рұқсат енгізуді ұсынды

Автор: Бақыт Шынар

Ол сондай-ақ үй жануарлар міндетті тіркеу керек дейді

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Бүгінн Мәжілістің жалпы отырысында депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ұласбек Сәдібеков үй жануарларының кесірінен жол апаттары көбейгенін айтып, мәселе көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат атап өткендей, «еліміздегі жануарларға қатысты саясат пен реттеу тетіктерін жетілдіру соңғы жылдары күн тәртібінен түспей келеді. Бірақ, бұл мәселенің артында адамдардың қауіпсіздігіне қатысты да мәселе бар дейді ол.  

«Тұрғындар тарапынан қараусыз жүрген үй жануарларының көбейгені туралы шағымдар, әлеуметтік желілердегі резонанстар және осыған байланысты қайғылы оқиғалардың жиілеуі – уәкілетті органдардың жұмысы әлі де әлсіз. Қадағалау, бақылау, алдын алу және жауапкершілік жүйесі осал. Бұл мәселе енді жай ғана шаруашылық немесе әлеуметтік түйткіл емес, қоғамдық тәртіп және азаматтардың конституциялық құқығы тұрғысынан қарауды талап етіп отыр», - дейді депутат.

Депутат ресми статистиканы айта отырып,  бұл проблема тереңдеп бара жатқанын дәлелдегісі келді. Өткен жылдың өзінде қараусыз жануарлардың салдарынан:

  • Алматы облысында – 59,
  • Түркістан облысында – 36,
  • Абай облысында – 34 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

«Бұл – әрбір факті артында адам тағдыры, денсаулық, материалдық шығын, қоғамның мемлекетке деген сеніміне нұқсан бар деген сөз. Қоғамдық орында төрт түліктің қараусыз жайылуы әдеттегі жағдайға айналып, құқықтық реттеудің әлсіздігін одан әрі көрсетуде. Әлсіз тәртіп – жауапсыздықты тудырады. Жауапсыздық – қайғылы оқиғаларға әкеледі», - дейді депутат.

Сондықтан, ол мынандай төрт мәселені шешу керек дейді. Дәлірек айтсақ:

  1. Үй жануарларын міндетті тіркеу, таңбалау және бірыңғай республикалық цифрлық база құру;
  2. Жануарлардың бақылаусыз көбеюін болдырмау үшін аналық жануарларды ұстауға рұқсатнама жүйесін енгізу және рұқсатсыз жағдайда – иесінің есебінен міндетті стерилизациялауды заңнамалық түрде бекіту;
  3. Қаларалық, ауданаралық маңызы бар жолдарда қауіпсіздікті күшейту;
  4. Осы салаға қатысты 2025–2027 жылдарға арналған кешенді ұлттық жоспар әзірлеу керек.

«Қоғамның өркениеттілігі жануарларға қалай қарайтынымен өлшенеді. Бірақ гуманизм жауапкершілікпен қатар жүруі керек. Жауапкершіліксіз мейірім – қауіп тудырады. Біз жануарды қорғап отырып, адамды қорғай алмайтын жағдайға жол бермеуіміз керек. Сондықтан бұл бағыттағы жүйесіздікті жою – жедел шешімді талап етеді. Мемлекет жануарларға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастырумен қатар, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті», - дейді депутат.