Қазақстанда дәрігерлер мен жедел жәрдем жүргізушілерін қорғайтын заң қабылданды
Күш қолданамын деп қорқытудың өзі де енді жауапкершілікке әкеп соғады
Парламент Мәжілісі медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне зорлық-зомбылық көрсеткені үшін жазаны қатаңдататын заңды қабылдап, Сенаттың қарауына жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжілісте «Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық-процестік кодекске толықтырулар енгізу туралы» заң екінші оқылымда қаралды.
Қылмыстық кодекске медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қатысты күш қолдану немесе күш қолдану қаупін төндіргені үшін қылмыстық жауапкершілік белгілейтін жаңа 380-3-бап енгізіліп отыр. Яғни енді дәрігерге күш қолданса немесе күш қолданамын деп қорқытса, бұл жеке қылмыс болып саналады.
Адам өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолданғаны үшін немесе күш қолданбақ болғаны үшін 500-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл, не болмаса сол мөлшерде түзету жұмыстары немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс, 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы көзделген. Егер ауыр әрекет жасалса, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Адам өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдануға қатысты 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ауыр жағдайда жасалған болса, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қылмыс құрамының элементтерін саралау үшін депутаттар медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілерін күш қолдана отырып қорқытқаны үшін бөлек жауапкершілік белгіледі. Мұндай жағдайда 200-ден 500 АЕК-ке дейін айыппұл немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не болмаса 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Ауыр әрекет жасалған жағдайда екі жылдан үш жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы беріледі.