Францияда құжатын жоғалтып алған қазақстандықтар елге еш қиындықсыз қайта алады
Оларға ешқандай санкция қолданылмайды
Парламент Мәжілісі «Қазақстан үкіметі мен Франция үкіметі арасындағы адамдарды реадмиссиялау туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Келісімге 2024 жылғы 5 қарашада президенттің Францияға сапары барысында қол қойылған. Оның негізгі мақсаты – ұлттық заңнамалардың талаптарын бұза отырып, екі елдің аумағындағы адамдарды реадмиссиялау мәселелерінде екіжақты ынтымақтастық үшін құқықтық негіз құру.
Яғни, егер Қазақстан азаматы Францияда жүріп құжаттарын жоғалтса немесе елде заңсыз жүрген болса, қиын жағдайға тап болса, ол құзырлы органдарға хабар берген жағдайда ешқандай айыппұлсыз және жазасыз өз еліне орала алады. Келісімге сәйкес, Франция тарапы оған қайту үшін қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмектеседі. Сол сияқты Қазақстан аумағында заңсыз жүрген Франция азаматтары да өз еліне қайтарылады.
Сонымен қатар келісім үшінші ел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды олардың азаматтығы бар немесе тұрақты мекендейтін мемлекеттеріне қабылдау, ауыстыру және транзиттік тасымалдау ресімдеріндегі бірлескен іс-қимылдардың бірізділігі мен реттілігін қамтамасыз етеді.
Айта кетері, реадмиссия – бір мемлекеттен басқа мемлекетке кіруі, болуы немесе тұруы заңсыз деп танылған азаматтарды өз еліне қайтару рәсімі. Қазақстанда реадмиссия институты 22 елмен белсенді жұмыс істейді. Соңғы жылы реадмиссия бойынша 273 өтінішхат қаралған.