Шымкентте ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, ірі инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр
Заманауи технологиялар мен ірі инвестициялар Шымкенттің агроөнеркәсіп кешенін сапалы жаңа деңгейге көтеруде
Соңғы жылдары Шымкент қаласы тек индустриялық және әлеуметтік бағытта ғана емес, ауыл шаруашылығы саласында да қарқынды дамып келе жатқан мегаполиске айналды. Мемлекет басшысының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыру және заманауи технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмалары Шымкентте нақты істермен жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қала аумағында ірі жылыжай кешендерінің құрылысы — осының айқын дәлелі. Жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Польшаның «Fabe-Agro» компаниясы жүзеге асыратын, құны 137 миллион АҚШ долларын құрайтын ірі жылыжай кешенінің құрылысына капсула салу рәсіміне қатысты. Мәртөбе тұрғын алабында бой көтеретін кешеннің жалпы аумағы 144 гектарды қамтиды. Жоба толық іске қосылғанда жылына 36 мың тонна көкөніс өндіріліп, мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл — қала экономикасы мен азық-түлік тұрақтылығына қосылған елеулі үлес.
Сонымен қатар Шымкентте еліміздегі ең ірі жылыжай жобаларының бірі — «Alsera KZ» кешені. Аталған кешенде алғашқы қызанақ өнімі жиналып, өндірістік әлеуеттің жоғары екені дәлелденді. Құны 650 миллион АҚШ долларын құрайтын бұл жоба толық аяқталған кезде жылына 155 мың тонна өнім өндіруге мүмкіндік береді. Жоба кезең-кезеңімен іске асырылып, алғашқы кезеңнің өзінде шамамен 2 мың адам жұмыспен қамтылады, ал толық аяқталғанда 5 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұдан бөлек, жоба аясында агроакадемиялық орталық пен халықаралық стандартқа сай зертхана салу жоспарланған.
Шымкенттің аграрлық әлеуетін арттыруда халықаралық ынтымақтастықтың да маңызы зор. Қалада AGRITECH TURKESTAN&GROWTECH SHYMKENT-2025 халықаралық көрмесінің өтуі — соның жарқын көрінісі. Бұл көрме ауыл шаруашылығы, жылыжай технологиялары, суару жүйелері мен агротехнология саласындағы озық тәжірибелерді біріктіріп, отандық және шетелдік компаниялар арасындағы серіктестікті нығайтуға бағытталды. Көрмеге Түркия, Нидерланд, Қытай, Өзбекстан секілді елдерден 80-нен астам жетекші компания қатысты.
Қала тұрғындарын қолжетімді бағадағы азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында Шымкентте апта сайын 8 жерде азық-түлік жәрмеңкелері ұйымдастырылып келеді. Жергілікті тауар өндірушілер мен шаруа қожалықтарының өнімдері нарық бағасынан 10–15 пайыз төмен бағамен сатылып, делдалдық тізбектерді қысқартуға мүмкіндік беруде. Апта сайын шамамен 150 тоннаға жуық азық-түлік тауарлары саудаға шығарылады.
Ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегі де елеусіз қалмайды. Биыл мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» деген жаңа құрметті атақ енгізіліп, Шымкент қаласындағы агробизнес өкілдері мемлекеттік марапаттарға ие болды. Бұл — адал еңбек пен кәсіби жетістіктерге берілген жоғары баға.
Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешенді қолдау тетіктері де жетілдірілуде. Жеңілдетілген несиелендіру, лизинг бағдарламалары, су үнемдейтін технологияларды енгізу және субсидиялау жүйесін оңтайландыру — фермерлер мен кәсіпкерлерге көрсетіліп отырған нақты қолдаудың нәтижесі. Ал 2026 жылдан бастап елді мекендер аумағындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге салынатын салықтың 45 есеге төмендеуі сала өкілдеріне тың серпін бермек.
Бүгінде Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы көлемі 56 мың гектарды құрайды. Оның 26,4 мың гектарында 4 мыңға жуық шаруа қожалығы мен кәсіпкер еңбек етіп, қала тұрғындарын үздіксіз ауыл шаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.
Осылайша, ірі инвестициялық жобалар, халықаралық ынтымақтастық, мемлекеттік қолдау және еңбек адамын дәріптеу арқылы Шымкенттің ауыл шаруашылығы саласы жаңа сапалық деңгейге көтеріліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар қала экономикасының тұрақты дамуына, азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға қызмет етуде.