Шымкентте жұмыспен қамту жоспары 103% орындалды: 51 мыңнан астам адам бағдарламаға тартылды
4 545 адам кәсіби оқыту бағдарламаларына қатыстырылды
Шымкент қаласы жұмыспен қамту саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Жыл бойы жүзеге асырылған бағдарламалар еңбек нарығын тұрақтандыруға, азаматтарды кәсіби дайындауға және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталды. Бұл бағыттағы жұмыстар қаладағы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты арттыруда маңызды рөл атқарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жұмыссыздық деңгейі мен экономикалық белсенділік
2025 жылдың үшінші тоқсанында Шымкент қаласында жұмыссыздар саны 22 370 адамды құрап, жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайыз болды. Аталған көрсеткіш қаладағы еңбек нарығының салыстырмалы түрде тұрақтылығын көрсетеді. Жұмыссыздық деңгейінің төмен болуы, бір жағынан, мемлекет пен қалалық әкімдіктің жұмыспен қамту шараларын тиімді жүргізгенін, екінші жағынан, қаладағы экономикалық белсенділіктің артып келе жатқанын дәлелдейді.
Жыл бойы 49 655 азаматты жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланған болса, 1 желтоқсанға дейін нақты 51 261 адам қатысып, жоспар 103,2 пайызға орындалды.
Кәсіби оқыту және біліктілікті арттыру
Кәсіби білім беру – жұмыспен қамтудың маңызды бөлігі. 2025 жылы 4 545 адам кәсіби оқыту бағдарламаларына қатыстырылды. Оқыту әртүрлі форматта өтті.160 адам жұмыс беруші базасында, 600 адам білім беру ұйымдарында, 3 657 адам Enbek.kz порталы арқылы онлайн оқудан өтті. Сонымен қатар, 128 адам ваучерлік негізде кәсіби біліктілікті арттырды.
«Бастау Бизнес» жобасы
Шымкент қаласы кәсіпкерлікті қолдауға ерекше мән беруде. 2025 жылы 3 127 адам кәсіпкерлікті дамыту шараларына тартылып, оның ішінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 2 696 адам кәсіпкерлік негіздерге оқытылды. Сонымен қатар, 431 азаматқа грант беріліп, өз ісін ашуға мүмкіндік жасалды. Шағын және орта бизнес секторы дамып, жаңа жұмыс орындарын құруға және жергілікті экономиканың әртараптануына ықпал етті.
Субсидияланған және әлеуметтік жұмыс орындары
Жыл ішінде субсидияланған жұмыс орындары арқылы 5 308 адам жұмысқа жолданды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 109, Жастар практикасына 1 719, ақылы қоғамдық жұмыстарға 2 643 адам тартылды. «Алғашқы жұмыс орындары» жобасына 364, «Ұрпақтар келісім шарты» жобасына 8, «Күміс жас» жобасына 464 адам қатысты. Мүгедектігі бар азаматтарға арналған бір жұмыс орны да толық игерілді.
Мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың әріптестігі
2025 жылы Шымкент қаласында 22 215 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 35,1 пайызға төмендеді. Сонымен қатар, 1–6 жас аралығындағы балаларға жергілікті бюджеттен қосымша 5 538 теңге жәрдемақы төленіп, 3 682 отбасыдағы 7 135 баланы қамтиды.
Қалада 41 970 мүгедек тіркелген, оның 8 099-ы – балалар. Оларға 14,7 млрд теңге қарастырылып, оңалту құралдары мен әлеуметтік қызметтер көрсетілуде. Жаңа орталықтар ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға сапалы және қолжетімді қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Жұмыстар мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен әріптестігі арқылы жүзеге асырылуда.
Тұрақты жұмыс орындары және жаңа жұмыс орындарын құру
Бос жұмыс орындары арқылы 10 500 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, қаланың 2021–2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес 21 830 жаңа жұмыс орнын құру көзделген болатын. Есепті кезеңде бұл көрсеткіш артығымен орындалып, 27 781 адам жаңа жұмысқа орналасты.
2025 жылы Шымкент қаласында жұмыспен қамту саласы жоспардан жоғары нәтиже көрсетті. Жұмыссыздық деңгейінің төмендеуі, кәсіби оқыту мен қайта даярлау бағдарламаларының тиімділігі, кәсіпкерлікті қолдау, әлеуметтік және субсидияланған жұмыс орындарының артуы – барлығы еңбек нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етті. Жергілікті билік жұмыспен қамту шаралары тұрғындардың кәсіби біліктілігін арттыруға, экономикалық белсенділікті көтеруге және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған кешенді саясат жүргізіп отыр.