«Мақсатымыз – зауыт ашу»: «Алтын сапа» сыйлығын жеңіп алған кәсіпкер алдағы жоспары туралы айтты
«Марал-Нұр» компаниясы бұл сыйлықты алғаш рет алып отыр
Астанада президенттің қатысуымен өткен салтанатты іс-шарада «Алтын сапа» сыйлығын жеңіп алған «Марал-Нұр» ЖШС құрылтайшысы Мұрат Нұрсайытов марапаттау рәсімінен алған әсерін бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттады. Олардың арасында қызылордалық кәсіпкер Мұрат Нұрсайытов та бар.
«Көңіл-күйіміз жақсы, ұйымдастырылуы өте керемет, жоғары деңгейде өтті. Қызылорда облысынан үш номинация бойынша жеңімпаз шыққан. Соның ішінде біздің «Марал-Нұр» мекемесіне «Алтын сапа» сыйлығы бұйырды. Біз «Алтын сапаны» алғаш рет алып отырмыз. Бұл – еңбектің қайтқаны, бейнеттің зейнеті деп ойлаймыз», – дейді кәсіпкер.
Нұрсайытовтың айтуынша, 2005 жылдан бері жұмыс істейтін «Марал-Нұр» компаниясы теміржолдағы жолаушылар тасымалымен айналысады. Қазір мекемеде 250 адам тұрақты еңбек етеді екен. Одан бөлек жөндеу бөлімінде 70-тен аса қызметкер бар, жалпы 320 адамды жұмыспен қамтып отыр.
«Біздің негізгі кәсібіміз – жолаушылар тасымалы. Қызылорда–Павлодар, Жезқазған–Астана бағыттарында тасымалдау қызметін көрсетеміз. Сонымен бірге жолаушылар вагондарын күрделі және орташа жөндеуден өткіземіз», – деді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, қазір компания үлкен жобаны қолға алған.
«Алдымызға қойған мақсатымыз – жолаушылар вагондарын күрделі жөндеуден өткізетін депо салу. Болашақта Қызылордада жолаушылар вагондарын шығаратын зауыт ашсақ деген ниетіміз бар. Қазақстандағы жолаушылар тасымалын жоғары деңгейге көтеріп, сапалы қызмет көрсеткіміз келеді», - деп жоспарын бөлісті бизнесмен.
Осы орайда Мұрат Нұрсаитов кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп жатқан президентке ризашылығын білдірді.