Қазақстандықтар енді зейнетақы жинағына көзін де емдете алмайтын болды

Автор: Нұргүл Абай

Жаңа ереже бойынша зейнетақы жинағын стоматологияға да, офтальмологияға да пайдалануға рұқсат етілмейді

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Отбасы банк Enpf-otbasy.kz платформасы арқылы офтальмологиялық қызметтерге өтінім қабылдау тоқтатылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Отбасы банктің ақпаратынша, Денсаулық сақтау министрлігінің біржолғы зейнетақы төлемдерін емделуге пайдалану ережелеріне енгізген өзгерістеріне байланысты көз емдеу қызметтеріне өтінім қабылдау тоқтатылды. Тиісті бұйрық 3 желтоқсан күні жарияланған. Жаңа ережелерге сәйкес, зейнетақы қаражатын стоматологияға да, офтальмологияға да пайдалануға рұқсат берілмейді.

«Enpf-otbasy.kz платформасы біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен офтальмологиялық қызметтерді төлеуге арналған өтінімдерді 2025 жылғы 4 желтоқсаннан бастап қабылдамайды. Бірақ осы күнге дейін жіберілген барлық өтінім белгіленген тәртіппен қаралады», - делінген хабарламада.

Қазір Отбасы банкте «офтальмология» бағыты бойынша жалпы сомасы 13,3 млрд теңге болатын 15 808 өтінім бар. Оның ішінде:

  • 5131 өтінім (4,6 млрд теңге) бойынша банк мамандары құжаттарды тексеріп жатыр;
  • 10 677 өтінім (8,7 млрд теңге) бойынша клиенттерден қосымша құжат сұралуда.

Отбасы банк стоматология бойынша өтінімдер тоқтатылғаннан кейін офтальмологияға сұраныс күрт артқанын атап өтті. 15 қыркүйекке дейін айына орташа 174 өтінім мақұлданса, шектеулер енгізілгеннен кейін бұл көрсеткіш 7 есе, яғни 1 264 өтінімге дейін өскен.

«Сонымен қатар, банк бірқатар күмәнді жағдайды анықтады. Әртүрлі клиенттер бір офтальмологиялық клиникамен келісімшарт жасаса да, құжаттарда клиника әр қалада орналасқан түрлі мекенжайлармен көрсетілген. Тексеріс барысында бұл мекенжайларда мұндай клиниканың жоқ екені белгілі болды», - деп мәлімдеді ведомство.

Бірқатар бағыт тоқтатылғанына қарамастан, азаматтар зейнетақы жинағының артылған бөлігін әлі де маңызды және қымбат ем түрлеріне пайдалана алады, дейді Отбасы банк. Олар:

  • орфандық (сирек) ауруларды емдеу;
  • реконструктивтік және қалпына келтіру операциялары;
  • радионуклидті және радио-йод терапия;
  • радиохирургиялық ем;
  • протондық терапия.

Естеріңізге салайық, Отбасы банк биыл 15 қыркүйектен бастап тіс емдеуге зейнетақы жинағын пайдалану бойынша өтінім қабылдауды тоқтатқан болатын.