Бас прокуратураның тапсырмасы: Қазақстанда 620 тіс емханасы тексеріледі
Бұл жоспарлы тексеріс дейді ДСМ басшысы
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Бас прокуратураның тапсырмасымен елдегі 620 тіс емдеу клиникасына жоспарлы тексеріс жүргізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жоспарлы тексеріске келсек, Бас прокуратураның тапсырмасымен шамамен 620 тіс емханасы тексерілуі тиіс. Барлық 20 өңірдің аумақтық департаменттері, медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті осы жұмысқа тартылған. Сондықтан стоматология клиникаларын тексеру жұмысы жүріп жатыр», - деді Әлназарова Мәжіліс кулуарында.
Министрдің айтуынша, осы жылдың басынан бері 160 тіс емханасына жоспардан тыс тексеріс жасалған. Олардың арасында үш жасар қыз бала қайтыс болған астаналық стоматология да бар.
«Биыл қаңтар айында бұл клиника толық тексерілді. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті материалдарды тергеу органдарына тапсырды», - деді ведомство басшысы.
Әлназарова Кәсіпкерлік кодекс бойынша медициналық ұйымға тексеріспен бару үшін нақты себептер мен негіз, яғни кем дегенде шағым немесе арыз болуы керек екенін атап өтті.
Естеріңізге салайық, Астанадағы Dent-Park клиникасында дәрігерлер 3 жасар қыздың тісін ұзақ уақытқа ұйықтатып тастап емдеген. Бала анестезиядан кейін оянбай, көз жұмған. Қазір қылмыстық іске байланысты сот процесі жалғасып жатыр. Марқұмның әкесі Талғат Құмаров 2024 жылғы 30 қазанда қызының тісін «Севоран» препараты арқылы анестезиямен емдеткенін айтты.