Жуалыдағы тойда қайын әпкесіне сәлем салудан бас тартқан келіннің ісі сотқа жетті
Оның жұбайы бұған ашуланып, келіншекті балағаттаған
Жуалы аудандық соты тойда ұрсысып, арты тұрмыстық жанжалға ұласқан ерлі-зайыптылардың ісін қарады, деп хабарлайды Azattyq Ryhy.
Соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, ер азаматтың ісі Әкімшілік кодекстің 73-бабы, 1-бөлігі бойынша, яғни, «Отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы былапыт сөздер айту» бабымен қаралған.
«Мейрамханадағы үйлену тойы кезінде ер адам жұбайынан ежелгі қазақ дәстүрі бойынша үлкен әпкесіне сәлем салуды өтінген, ал әйелі өтінішті орындаудан бас тартқан. Үйге келген соң ер адам әйелінің осы шешімі үшін оған былапыт сөздер айтқан», - деп хабарлайды Жуалы соты.
Сот отырысына келген ер адам кінәсін толық мойындап, әйелінен шын жүректен кешірім сұрап және тараптардың медиация тәртібімен татуласқанына байланысты соттан іс бойынша өндірісті тоқтатуды сұрады. Ал, әйел болса осы жанжалдан кейін күйеуі оның анасына хабарласып, «қызыңызды алып кетіңіз» дегенін айтқан. Дегенмен, күйеуін кешірім, татуласуға келіскен.
«Сот қаулысымен медиация тәртібімен татуласқанына байланысты тоқтады. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.