Дәрігерді итергендер немесе қорқытқандар қылмыстық жазаға тартыла ма
Депутаттар медицина қызметкерлеріне зорлық-зомбылық жасағаны үшін жазаны қатаңдатып жатыр
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов дәрігерді итеріп қалғаны немесе жай ғана қорқытқаны үшін қылмыстық жаза қарастырылған ба деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, Қылмыстық кодекске енгізілген жаңа бапта дәрігерді ашуға беріліп итеріп қалғаны немесе дөрекі сөйлеп қорқытқаны үшін жаза көзделмеген.
«Біз мұны абсурдқа дейін апармауымыз керек. Кейбір адамдар қолын сермеп қалуы мүмкін, енді бәріміз қарапайым адамбыз ғой. Сондықтан итеріп қалды, дұрыс қарамады деген мәселе бүгін тіпті қарастырылып жатқан жоқ. Егер дәрігерді қатты ұрып жіберсе, ол, әрине басқа мәселе. Қорқытуға келсек, біреу эмоцияға беріліп, «мені саған осылай істеймін» деп айтса, оны жауапкершілікке тартады деп отырғанымыз жоқ. Мысалы, егде жастағы апай ашуланып, «мен сені өлтіремін» десе, мұнда шынымен өлтіреді деген негіздеме жоқ. Бұл жай ғана эмоция, мүмкін басқа әкімшілік баппен қарастыруға болатын шығар, бірақ бүгінгі қылмыстық бап оған келмейді», - деп түсіндірді Аймағамбетов Мәжіліс кулуарында.
Оның айтуынша, егер дәрігерді ұрып-соқса, денсаулығы мен өміріне қауіп төндірсе, онда қылмыстық жаза көзделген. Денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін айыппұлдың ең төменгі шегі 500 АЕК-тен, яғни шамамен 2 млн теңгеден басталады. Ал бас бостандығынан айыру жазасы – 3 жыл.
«Біз «заң мен тәртіп» қағидатын ұстануымыз керек. Бізге көмек көрсететін, бізді құтқаратын ақхалатты жандарды қолдауымыз керек», - деді Аймағамбетов.
Бұған дейін дәрігерге жұдырық ала жүгіргендер 3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылатынын жазған едік.