Депутат өңдеушілер мен фермерлер арасында әділ табыс бөлінісі жоқ екенін айтты
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай Үкіметтен ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа өткізу кезінде тыйым салу жөніндегі шешімдердің салдарын қайта қарауды талап етті, деп хабарлайды Azattyq Ryhy.
Депутаттың айтуынша, ведомствоаралық комиссия шешімдеріне сүйенген тыйымдар мен баж салығы көбіне дұрыс талданбай қабылданады, нәтижесінде фермерлер де, агросектор да экономикалық шығынға батып отыр.
«Мысалы, қазір мал саны азайып, еттің бағасы өсті. Сарапшылар мұның басты себебі ретінде осы жылдар ішінде мал мен өнімді экспорттау кезінде болған тұрақсыз шешімдерді атайды. Нақты мысал, «жергілікті қайта өңдеушілер» деп аталатын, саусақпен санарлық аты бар да заты жоқ шала өңдеушілердің пайдасына 10 жыл бойы шетелге сатуды тоқтатып, баж салығын көбейткеннің кесірінен тері мен жүн көрінген сайда іріп-шіріп іске жарамай қалғаны ақиқат», - деді ол.
Сонымен бірге күнбағыс экспортына тоннасына 100 еуро көлеміндегі баж салығы енгізілгенімен, салада күткен нәтиже байқалмаған. Өңдеуді дамыту міндеті қойылғанымен, май өнімдерінің шамамен 80 пайызы өңделмеген күйінде экспортқа жіберіліп, фермерлерден алынатын шикізат бағасы жасанды түрде төмен ұсталған.
Депутат өңдеушілер мен фермерлер арасында әділ табыс бөлінісі болуы керектігін айтып, «өңдеушілер адал еңбегіне сенген ауыл шаруашылығы өндірушілерінің табысын кемітпеуі тиіс» екенін атап өтті.
«Ауыл шаруашылық тауарларының терең өңделуіне бәріміз мүдделіміз, қолдаймыз, бірақ өңдеушілер шикізатты тым төменгі бағаға алып арқа еті арша, борбай еті борша боп жыл он екі ай адал еңбектің мехнатын шеккен мыңдаған фермердің несібесін қанамауы тиіс. Фермерлер де, өңдеушілер де өнімнің пайдасын тең бөліскенде ғана ортақ іс әділетті болмақ. Өңдеуші мырзалардың Крыловтың «Қарға мен түлкі» мысалындағы қарғаны алдап ауызындағы ірімшігін жеп кеткен түлкінің әрекетін қайталамағанын қалаймыз», - деді ол.
Әлтай картоп экспортына қатысты жоспарланған шектеулерге де тоқталды. Оның айтуынша, мұндай мәлімдемелер бірден нарыққа кері әсер етеді. Өзбекстаннан келетін негізгі сатып алушылар мәмілелерді тоқтатады, логистика қиындайды, ал мемлекеттік органдар фитосанитариялық құжаттарды беруді кешеуілдетеді.
Депутат биыл Қазақстанда картоп өндірісі 20 пайызға өсіп, 2,9 млн тонна өнім алынғанын, Ресейде де жоғары өнім жиналғанын атап өтті. Негізгі сатып алушы Өзбекстан екенін ескерсек, экспортты шектеудің әсерінен Қазақстан ұтылып отырғанын айтты. Мұндай қадам фермерлердің табысын азайтып қана қоймай, несие төлемдерін, жұмысшылар жалақысына да кедергі келтіреді.
Осыған байланысты Аманжол Әлтай Үкіметке бірнеше ұсыныс жолдады.
«Картоп экспортына тыйым салу мәселесін қарамас бұрын фермерлер мен бизнес субъектілерінің қоймаларындағы өнім көлеміне мониторинг жүргізу.
Ресей және басқа елдерден келетін картоп импорты мен транзитіне талдау жасау, кері экспорт тәуекелін ескеру.
Жеке шаруашылықтар мен саяжайларда картоп өндірісінің өсуін есепке алу.
Тұтыну көлемін есептегенде ауыл тұрғындарының өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін ескеру.
Экспортқа қатысты кез келген шектеу енгізер алдында Мәжілістің салалық комитетінде міндетті түрде тыңдау өткізу керек», - деді ол.