«Ауыл» партиясы үгіт-насихат науқанын Қазығұрттан бастады

Автор: Azattyq Rýhy

«Кеме қалған» алаңында «Ауылдықтар атқа қонды, қолдайық!» атты акциясы өтті

фото: facebook.com/auyl.partiasy

11 желтоқсан күні Түркістан облысы Қазығұрт тауының етегіндегі «Кеме қалған» алаңында «Ауылдықтар атқа қонды, қолдайық!» атты акциясы өткізіліп, Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау науқанының символикалық түрде басталғанын паш етті.

Іс-шараға Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар: Т.С.Рахимбеков, К. К. Айтуғанов, Б. Төлеген, З. А. Әліпбеков, Д. Кәпұлы, К. А. Аралбекова,  Н. Г. Арсютин, А. А. Сатыбалдин, Д. К. Қуатов және Б. Д. Қыстауов қатысты.

«Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев, Мәжіліс депутаттығына кандидат Қарлығаш Аралбекова, Мәжілісінің депутаттығына кандидат, ақын және жазушы Дәулеткерей Кәпұлы құттықтау сөз сөйледі.

«Аңыз бойынша, адамзатты су тасқынынан құтқарған Нұх кемесі осы жерге тоқтады. Адамзат баласының өсіп-өнуі дәл осы жерден бастау алады. Сондықтан қасиетті Қазығұрт жерін жаңғыру және жаңару мекені деп атауға болады. Сол себепті «Ауыл» партиясы өзінің үгіт-насихат науқанын осы жерден бастауды ұйғарды. 

«Атқа қону» ұғымы халқымыздың мүдделерін қорғау үшін күш жұмылдыруды білдіреді. Атқа қонғандар жақсылықтың жаршысы, партияның жоспары мен ұсыныстарының хабаршысы болады. Сондықтан барлық кандидатың бірінші кезектегі міндеті партияның сайлауалды бағдарламасын әрбір ауылға, әрбір қазақстандыққа жеткізу» - деп атап өтті Ә. Бектаев.

Ақсақалдардың атынан мемлекет және қоғам қайраткері, «Ауыл» партиясының Түркістан облысы бойынша өңірлік филиалының басшысы Исмат Тұрсынқұлұлы тілек білдірді.

Қазақстандық эстрада өкілдері - Жұбаныш Жексенұлы, Мейрамкүл Тантабаева, Бәкір Бектұров, «Мегаполис» триосы және Павел Ким ауыл жайлы, отанға деген сүйіспеншілік туралы ән шырқады. Іс-шара «Ауылдықтар атқа қонды»шеруімен аяқталды.

Естеріңізге сала кетейік, «Ауыл» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасын қалыптастыру алдында «Ел аманаты» атты жалпыұлттық сауалнама жүргізіп, әрбір қазақстандықтың ұсынысы мен проблемалық мәселелерін қарастырған болатын. «Ауыл» партиясы ел-жұрттан жиналған барлық мәселе аманат ретінде өз нұсқаулығына алды.