Қазақстан мен Армения қарым-қатынасты стратегиялық деңгейге көтеру туралы тарихи құжатқа қол қояды

Автор: Нұргүл Абай

Мемлекетаралық байланысымыздың сипаты ерекше дейді президент

Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада елімізге ресми сапармен келген Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазақ жұрты армян халқын ерекше қадірлейді. Оның терең тарихына, бай мәдениеті мен салт-дәстүріне құрметпен қарайды. Қазір Армения Қазақстан азаматтары көп баратын туристік елдің біріне айналды. Биыл қос халықты жақындастыра түскен айтулы оқиғалар болды. Арменияда алғаш рет Қазақстанның мәдениет күндері өтті. Ереванда ұлы ақын және ағартушы Абай Құнанбайұлының құрметіне саябақ ашылды. Осы маңызды бастамаларға қолдау көрсеткеніңіз үшін сізге, құрметті Никол Воваевич, зор алғыс білдіремін. Мұны қазақ еліне деген ерекше ілтипатыңыз деп бағалаймыз. Бұл бастамалар Қазақстан мен Армения арасындағы мызғымас достық пен өзара құрметтің айқын көрінісі», - дейді Тоқаев.

Президент екі ел арасында барлық деңгейде ашық әрі сенімге негізделген саяси диалог қалыптасқанын атап өтті. Аймақтық және халықаралық құрылымдар аясында тығыз әрі тиімді байланыс орнаған.

«Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және білім, ғылым саласындағы ықпалдастығымыз тұрақты түрде дамып келе жатыр. Бір сөзбен айтқанда, мемлекетаралық байланысымыздың сипаты ерекше. Алдағы уақытта да қарым-қатынасымызды жан-жақты дамытуға зор мүмкіндік бар», - деді мемлекет басшысы.

Тоқаев осы сапар аясында Қазақстан мен Армения қарым-қатынасты стратегиялық деңгейге көтеру туралы тарихи құжатқа қол қоятынын айтты.

«Бүгін біз екі ел арасындағы қарым-қатынастарды стратегиялық деңгейге көтеру туралы тарихи құжатқа қол қоямыз.  Тағы да Қазақстанға қош келдіңіз деп айтқым келеді», - деді ол.

Естеріңізге салайық, Армения премьер-министрі Никол Пашинян Қазақстанда ресми сапармен жүр.