Қазақстан президенті Армения премьер-министрін Астанаға шақырды
Сапар бағдарламасы аясында екі ел делегацияларының қатысуымен келіссөздер өтеді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Армения премьер-министрі Никол Пашинян 20-21 қараша күндері Астанаға ресми сапармен келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
Сапар бағдарламасы аясында екі ел делегацияларының қатысуымен келіссөздер өтіп, Қазақстан мен Армения арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту перспективасы талқыланады.
Еске сала кетейік, биыл көктемде Қасым-Жомарт Тоқаев Арменияның сыртқы істер министрі Арарат Мирзоянды қабылдаған болатын. Тоқаев екі ел президенттерінің былтыр Қазақстан мен Арменияға жасаған сапарлары өзара қарым-қатынасты жан-жақты дамытуға айтарлықтай серпін бергенін атап өтті.
Ал тамызда мемлекет басшысы Вашингтонда Әзербайжан мен Армения елдері арасында қол қойылған келісімді тарихи жетістік деп санайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша аталған құжат қос мемлекет арасындағы ұзаққа созылған әскери қақтығысты түбегейлі тоқтатып, дипломатиялық қатынас орнатуға және берік бітім негізінде ынтымақтастықты дамытуға жол ашты. Президент Қазақстан да екі ел арасындағы осынау маңызды уағдаластыққа қол жеткізуге елеулі үлес қосты деп санайды.