Қазақстан Chevron-мен шикізатты өндіру саласындағы ынтымақтастықты жалғастырады
Chevron Теңіз және Қарашығанақ кен орындарындағы мұнай мен газды игеру бойынша ауқымды жобаларды жүзеге асыруға зор үлес қосты
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Chevron корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Уиртті қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Теңіз және Қарашығанақ кен орындарындағы мұнай мен газды игеру бойынша ауқымды жобаларды жүзеге асыруға Chevron корпорациясының қосқан үлесіне жоғары берді.
«Сондай-ақ Қазақстан тарапының шикізатты өндіру, өңдеу және тасымалдау салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін растады», - деп жазылған хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін президент АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының мүшелері Джимми Панеттамен, Кэрол Миллермен, Билл Хайзенгамен және Сидни Камлагер-Давпен кездескен болатын.
Конгресс мүшелері Қазақстанның әлеуетіне жоғары баға беріп, екі ел арасындағы сан қырлы байланыстардың дамуына қолдау көрсететіндерін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев орайлы сәтті пайдаланып, Америка парламентінің өкілдерін екі елдің өзара тиімді ынтымақтастығын кеңейту мақсатында Қазақстанға сапарлап келуге шақырды.