Тоқаев тарихи жетістікке жеткен әріптесіне құттықтау хат жолдады

Автор: Алмас Ерсін

Президент Қазақстан-Жапония қарым-қатынасын одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаичиге құттықтау хатын жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

«Қасым-Жомарт Тоқаев Санаэ Такаичиді Премьер-министр лауазымына сайлануымен құттықтап, Жапонияның игілігі жолындағы бастамаларына сәттілік тіледі», - деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар Президент Қазақстан-Жапония қарым-қатынасын одан әрі нығайтып, екі елдің стратегиялық серіктестігін жаңа деңгейге көтеру үшін бірлесе күш-жігер жұмылдыруға дайын екенін жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, Жапония тарихында алғаш рет әйел адам премьер-министр болды. Бұл тарихи жетістікке Санаэ Такаичи парламент дауыс бергеннен кейін қол жеткізді.

Сондай-ақ бүгін жаңа премьер-министр сайлауы қарсаңында Сигэру Исиба бастаған үкімет түгелдей отставкаға кеткені хабарланды.