Болашақта Қазақстанда e-Gov сияқты e-Parlament пайда болады
Президент бұл жүйе жұмысын бастағанда, заң қабылдауда мүлде қате жіберуге болмайды дейді

Бүгін Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобының бірінші отырысын өткізген Қасым-Жомарт Тоқаев болашақта e-Gov сияқты e-Parlament жүйесі пайда болып, ол сұранысқа ие болатынын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президенттің айтуынша, бір палаталы парламент құруға қатысты реформа экономика, әлеуметтік және технологиялық даму секілді басқа да салаларды да жан-жақты жаңғыртады. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу күллі әлемдегі мемлекеттік басқару жүйесін өзгертетіні сөзсіз дейді Тоқаев.
«Бірқатар елде қазірдің өзінде «электрондық» немесе цифрлық парламент» элементтері сынақтан өткізіле бастады. Бұл азаматтарды саяси өмірге араластырудың жаңа формаларын қамтамасыз етіп, заң шығару үдерісінің тиімділігін арттыру мақсатында жасалады. Келешекте бұл үрдіс күшейе түспек. Сондықтан біз де осы бағытқа саналы түрде күш саламыз. Алдағы уақытта e-Parlament қазіргі электрондық үкімет – e-Gov сияқты сұранысқа ие құралға айналуы мүмкін», - деді болжамын айтқан президент.
Сол себепті, президенттің айтуынша, бір палаталы Парламентке өту бір есептен жұмыстың жаңа қалыбы мен қарқынына, тез шешім қабылдауға бейімделуді көздейді.
«Яғни заман өзгеріп жатыр, ол өз талабын орындатады, e-Parlament жүйесі қыр астында тұр. Жақында өмірімізге дендеп енуі мүмкін. Сондықтан заң қабылдауда мүлде қате жіберуге болмайды», - деді Тоқаев.