«Өзбектер саясатқа құмар емес»: Тоқаев мемлекеттік тілді дамытуға қатысты көрші елді үлгі етті

Ол көрші елдің көшеде ұрандатып шеруге шығып жүрмегенін, қайта жасампаздыққа жетелейтін еңбекпен айналысып жатқанын мысалға келтірді 

«Өзбектер саясатқа құмар емес»: Тоқаев мемлекеттік тілді дамытуға қатысты көрші елді үлгі етті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге қатысты «Ана тілі» газетіне берген сұқбатында өзбек халқын мысалға келтіріп, мақтады.

Ол «Мемлекеттік тіліміз ұлтаралық қатынас тіліне айналуы үшін қандай қадамдар жасалуы керек деп есептейсіз? » деген сауалға жауап берген болатын.  

«Бұл орайда Өзбекстанның тәжірибесін мысалға келтіруге болады. Олар өздеріне тән жайлы мінезіне салып, ұрандатып-шулатпай-ақ, қажет кезінде орыс тіліне де жүгіне отырып, тіл мәселесін толық шешіп алды. Менің таңғалатыным, Өзбекстанның мемлекеттік органдарында әлі күнге дейін орыс тілі қолданылады. Тіпті,  олардың тұтас тарихында да осылай болған.

Өзбектер қоғамдық қатынастарды саясиландырмай, еңбек пен саудаға басымдық беріп, ХХ ғасырдың бас кезіндегі аз ғана халықтан қазір Орталық Азиядағы ең үлкен ұлтқа айналды. Сондықтан ұлы Абайдың өзбек халқына қатысты айтқан парасатты ой-пікірі қазіргі технология ғасырында да өзінің өзектілігін жоғалтпағанын байқаймыз.

Өзбектер саясатқа құмар емес, олар еңбек еткенді құптайды. Бұл ел көшеде ұрандатып шеруге шығып жүрген жоқ. Қайта жасампаздыққа жетелейтін еңбекпен айналысып жатыр», - деді Президент.

Ол тарихтан сабақ ала отырып,  технология мен роботтар басты рөл атқаратын жаңа дәуірдегі қазақ халқының игілікті өмірі жайында ойлануымыз керек екенін айтты.

«Әлем түпкілікті өзгерістердің алдында тұр. Сол себепті, есте жоқ ескі заманды аңсамай, лингвистикалық мәдениеттің айналасын шиырлай бермей, тарихымызды да дәріптеп, салт-дәстүрімізді сақтай отырып, алға ұмтылуымыз қажет.

Біздің мемлекеттік тілдің жағ­дайын қайта-қайта көтеріп, оның мүшкіл халі туралы айта бергенімізге өзге елдер, әсіресе Орталық Азиядағы мемлекеттер тү­сінбей, таңданыспен қарайды.

Қазір – нағыз аз сөйлеп, көп іс тындыратын шақ. Олай болмаған жағдайда біз өзімізді халықаралық қоғамдастықтың алдында кемшін ұлт ретінде көрсетеміз. Ал енді не істеу керек?», - деді Тоқаев.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.