«Биліктегілер де ет пен сүйектен жаралған»: Тоқаев коронавирус жұқтырып алған билік өкілдері жайлы пікір білдірді
Президенттің сөзінше, биліктегі 15 шақты адам індет жұқтырған
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде коронавирусқа қарсы жүргізіліп жатқан күрес кезінде билік өкілдерінің індетке шалдығуына орай, «Ана тілі» газетіне берген сұқбатында пікірі білдірді.
«Бір нәрсені айта кетейін, биліктегілер де – өздеріңіз секілді ет пен сүйектен жаралған адамдар. Лауазымды қызметкерлер жұмыс бабына байланысты бірқатар азаматтармен кездесуі керек, сондықтан ел ішіндегі іссапарларға шығады. Сондай жағдайда кеселді жұқтырып алуы мүмкін. Иә, олар да ауырады, науқасынан емделеді. Билікте жүргендердің арасынан 15 шақты адам осы дертке шалдықты. Ал қазіргі статистика бойынша, вирус жұқтырғандар саны 20 мыңға жуықтады. Яғни олардың көпшілігі – қарапайым халық. Бұл жердегі мәселе кімнің қалай жұқтырып алғанында емес. Сол азаматтарымыздың ауруын асқындырып алмай, тезірек жазылып шығуына жағдай жасау қажет», - деді Президент.
Оның сөзінше, ауруға шалдыққандарды шенеунік немесе қарапайым жұрт деп бөліп қарауға болмайды.
«Біз бір елде тұрып, бір ауаны жұтып, бір қоғамда өмір сүріп жатқаннан кейін ешкім де бұл аурудан өзін толықтай қорғай алмайды. Бір планетаны мекен еткен соң өзге елдегі дерт бізге келмейді деп бейқам отыра алмаймыз. Пандемия шекараға қарамайды. Сақтансақ қана өзімізді, жақындарымызды аурудан аулақтата аламыз. Сондықтан ел азаматтарын карантин режимін қатаң сақтап, тазалыққа мұқият болуға шақырамын. Бұл – өтпелі қиындық, уақытша сынақ. Біз осы індеттен және экономикалық дағдарыстан кейін қалай дамимыз, не істеуіміз керек деген мәселеге баса мән бергеніміз жөн», - деп түйіндеді Тоқаев бұған қатысты ойын.