Президент цифрлық шешімдер көрмесін аралады
Бұл туралы Ақорда хабарлады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес отырысы аясында ұйымдастырылған цифрлық шешімдер көрмесіне барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасай отырып.
Көрмеге Ustem Foundation қоры, Freedom Bank, Yandex Qazaqstan, Kaspi Bank, «Қазақтелеком» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «Қазақстан темір жолы» АҚ және басқа да отандық жетекші компаниялар өз жобаларын ұсынды.
Экспозицияларда білім беру, мәдениет, логистика, «ақылды қала» технологиялары, туристік онлайн сервистер, генеративті жасанды интеллект платформалары, В2В-агенттер және AITU мессенджері көрсетілді.
Көлік саласында жаңа буын 5G технологиясы негізінде тасымалды басқару мен телекоммуникацияға арналған жасанды интеллект жүйелері таныстырылды.
Бұл шара еліміздегі цифрлық технологиялардың қарқынды дамып келе жатқанын, сондай-ақ жасанды интеллектінің ұлттық экожүйесін қалыптастыруға отандық бизнес пен институттардың елеулі үлес қосып отырғанын айғақтайды.