$ 544.26  634.72  6.52
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстан әлемдік ядролық салада маңызды рөл атқарып отыр - Сама Бильбао-и-Леон

Мәскеуде атом апталығы өтіп жатыр

Қазақстан әлемдік ядролық салада маңызды рөл атқарып отыр - Сама Бильбао-и-Леон
Фото: Azattyq ruhy

Мәскеудегі әлемдік атом апталығы форумында дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың директоры Сама Бильбао-и-Леон Қазақстанның ядролық әлеуеті жайлы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Уранға және өзге де көптеген маңызды пайдалы қазбалар мен материалдарға бай Қазақстанды жаһандық ядролық отбасының негізгі бөлігі деуге болады. Сондықтан менің ойымша, Қазақстан қазірдің өзінде әлемдік ядролық салада маңызды рөл атқарып отыр. Сондай-ақ, дүниежүзілік ядролық қауымдастық Қазақстанмен жаңа атом электр станцияларын салу жолында бірлесе жұмыс істеп келеді»,- дейді Бильбао баспасөз конференциясында.

Ол былтыр қауымдастық Қазақстанда арнайы шара өткізіп, энергетика министрлігін қолдағанын жеткізді.

«Ол кезде министрлік референдумға дайындалып, қоғамды хабардар етіп жатқан еді. Қазір біз Қазақстанды жаңа ядролық жобаға қадам басу кезеңінде қолдап отырғанымызға қуаныштымыз. Бұл тұрғыда біз Қазақстанға жаңа атом электр станциясын салуды бастаған елдердің тәжірибесін көрсетіп жатырмыз. Мысалы, Бангладеш, Түркия, Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері және басқа да елдер. Біз Қазақстанға осы мемлекеттердің тәжірибесін жеткізіп отырмыз»,- дейді ол.

Сама Бильбао-и-Леон атағандай, Қазақстанның ядролық салада бұрыннан тәжірибесі мен әлеуеті мол болғанымен, ендігі мақсат осы мүмкіндіктерді кеңейту және жаңа блоктарды салу мен пайдалану үшін қажет деңгейге көтеру қажет.

«Яғни, Қазақстанда салынатын атом электр станцияларын құру және тиімді пайдалану үшін бар әлеуетті дамыту қажет»,- деді ол.

Еске салсақ, 8 тамыз күні Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылында алғашқы атом электр станциясының құрылысына арналған инженерлік ізденіс жұмыстары басталды. Салтанатты рәсімге «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев пен Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сатқалиев қатысқан болатын.  

Қазақстан 14 маусымда елдің алғашқы заманауи атом электр станциясын салу үшін құрылған халықаралық консорциумның жетекшісі ретінде «Росатом» таңдалғанын жариялады.

Серіктес жаңалықтары