$ 540.84  634.46  6.43
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Тоқаев Ақордада БАӘ, Африка және Моңғолия соттарының өкілдерін қабылдады

Қазақстан президенті халықаралық конституциялық форумға қатысушылармен кездесті

Тоқаев Ақордада БАӘ, Африка және Моңғолия соттарының өкілдерін қабылдады
Фото: Ақорда

Астанада өткен «Бейбітшілік пен құқыққа негізделген болашақ» атты конституциялық сот төрелігінің халықаралық форумына қатысушылар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. 

Басқосуға Венеция комиссиясының президенті Клэр Бази Малори, БАӘ Жоғарғы федералдық сотының төрағасы Мұхаммед Хамад Мұхаммед әл Бади әл Захри, Африка конституциялық юрисдикция органдары конференциясының төрағасы Люк Малаба және Моңғолия Конституциялық сотының төрағасы Байасгалан Гунгаа қатысты.

Мемлекет басшысы қонақтарға ризашылығын білдіріп, Конституцияның 30 жылдығы аясында Қазақстан үшін Ата заңның қоғамдағы тұрақтылықты, әлеуметтік үйлесімді және даму қарқынын қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті.

Президент елімізде жүргізіліп жатқан саяси, экономикалық және конституциялық реформаларға тоқталды. Оның айтуынша, Конституцияға енгізілген өзгерістер өкілді билік пен құқық қорғау институттарының рөлін күшейтіп, атқарушы биліктің есептілігін арттырды. Жаңғырған Конституциялық сот әділ сот төрелігіне жол ашты.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев жуырдағы Қазақстан халқына Жолдауындағы басымдықтарды түсіндірді. Ол инновация, орнықты даму, халықаралық ынтымақтастық және технологиялық серпіліс мәселелеріне тоқталып, жасанды интеллектіні енгізу мен жаппай цифрландыруды жаңа ұлттық идея ретінде атады.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Парламент жүйесінде алдағы уақытта болатын өзгерістерге тоқталды.

«Ашығын айтқанда, бұл реформа саяси жүйеміздің институционалды базасын нығайтуды көздейді. Парламенттік республикаға айналу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты сақталады. Жалпыұлттық референдум өткізу туралы ұсыныс бұл тұжырымдаманың өміршеңдігін көрсетеді. Еліміздің болашағына қатысты шешімдерді бірлесіп қабылдау қажет. Сол себепті мен саяси жоспарларымыз туралы алдын ала айтамын. Бұған дейінгі реформалар кезінде де, АЭС құрылысына қатысты референдум өткізгенде де осы ұстанымнан айныған жоқпыз», – деді Президент.

Шетелдік қонақтар да Қазақстандағы өзгерістерге оң баға берді. Венеция комиссиясының президенті Клэр Бази Малори еліміздің Еуропа Кеңесімен әріптестігін ерекше атап өтсе, БАӘ Жоғарғы федералдық сотының төрағасы Әмірліктер мен Қазақстан арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне тоқталды. Люк Малаба Қазақстандағы саяси реформаларды жіті бақылап отырғанын айтты, ал Байасгалан Гунгаа екі елдің байланыстарының жаңа серпін алғанын жеткізді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның конституциялық қадағалау органдарымен халықаралық ынтымақтастықты жалғастыра беретінін мәлімдеп, форум жұмысына табыс тіледі.

Серіктес жаңалықтары