Конго Қазақстанның ең қиын сәтте көрсеткен қолдауын ешқашан ұмытпайды – Феликс Чисекеди

Автор: Нұргүл Абай

Конго Қазақстанмен ERG компаниясы арқылы тығыз жұмыс істейді

Фото: Ақорда

Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Конго демократиялық республикасының президенті Феликс Чисекеди бүгінгі келіссөздер нәтижесінде екі елдің байланысы нығая түсетініне сенім білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Феликс Чисекеди өзіне және делегациясына көрсеткен қонақжайлығы үшін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, сондай-ақ Қазақстан халқына алғыс айтты.

«Мен екі ел, жалпы алғанда, Африка аймағы мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында сапармен келдім. Әрине, біздің мемлекеттеріміз бір бірінен алыста орналасқан. Дегенмен осындай сапарлар бізді жақындастырып, бір-бірімізді жіті тануға мүмкіндік береді. Сіздің еліңізбен ERG компаниясы арқылы тығыз жұмыс істейміз. Аталған кәсіпорын тау-кен өнеркәсібі саласында белсенді қызмет етеді. Бірақ ықпалдастықты арттырып, тәжірибе алмасатын басқа да көптеген бағыт бар деп ойлаймын», – деді Феликс Чисекеди.

Конго президенті Қазақстанға көрсеткен қолдауы үшін ризашылығын білдірді.

«Конго демократиялық республикасы халықаралық қауымдастықтың, соның ішінде Қазақстанның ең қиын сәттерде көрсеткен қолдауын ешқашан ұмытпайды. Шын мәнінде, Қазақстан БҰҰ аясындағы қолдауы арқылы Конго халқымен бірге болды. Сондықтан да сіздерге зор ризашылығымызды білдіруге рұқсат етіңіздер», - деді ол.

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада елімізге мемлекеттік сапармен келген Конго Демократиялық Республикасының президенті Феликс Чисекедиді салтанатты түрде қарсы алды. Сапар аясында жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізіліп, екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективасы талқыланды.