Қазақстан Иорданиямен бірге Таяу Шығысқа вакцина экспорттауы мүмкін

Автор: Бақыт Шынар

Бұл туралы бүгін Тоқаев мәлімдеді

Фото: Ақорда

Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король ІІ Абдалла Астанада өткен Қазақстан-Иордания бизнес-форумына қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорда жазғандай, Тоқаев медицина саласындағы ықпалдастықтың маңызын атап өткен. Оның айтуынша, Иордания әлемдегі жетекші медициналық орталықтардың бірі және жоғары деңгейде дамыған фармацевтикалық өнеркәсіпке ие.

«Иордания әлемнің 85 еліне фармацевтикалық өнімдерін экспорттайды. Сондықтан бұл қазақ-иордан экономикалық серіктестігінің негізгі секторының бірі. Қазақстан да өзінің әлеуетін дамытып, дәрі-дәрмек өндірісі мен медициналық құрал-жабдық шығаруда айтарлықтай табысқа жетті. Осы орайда QazBioPharm компаниясының DADvet иордан компаниясымен бірге Таяу Шығыс елдері мен біздің өңірімізге өзара вакцина экспорттауға бағытталған жоспарын қолдаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев сондай-ақ екі ел агробизнес, озық технологиялар мен қаржы салаларында да нәтиже көрсететіндей ынтымақтастық орнатады деп сенген.