Ильхам Әлиев пен Никол Пашинян енді менің жақсы достарым – Трамп
Ол екі елдің келісімге келгеніне куә болғанын мақтан етеді

АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен бірге түскен суреттерін жариялап, жазба қалдырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мен үшін Армения премьер-министрі Никол Пашинян және Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен бірге ондаған жылдар бойғы соғыс пен даудан кейін бейбіт келісімге қол қою – үлкен мәртебе болды. Екеуі де керемет адам және ұлы көшбасшылар. Енді олар менің жақсы достарым», – деп жазды Трамп.
Еске сала кетейік, 8 тамызда АҚШ астанасы Вашингтонда Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян қақтығысты реттеу туралы декларацияға қол қойды. Келісім рәсіміне АҚШ Президенті Дональд Трамп қатысқан еді.