Си Цзиньпин «Тағдыры ортақ көршілес елдер қоғамдастығын» құруды ұсынды

Автор: Нұргүл Абай

Астанада «Орталық Азия – Қытай» саммиті өтіп жатыр

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің «Тағдыры ортақ көршілес елдер қоғамдастығын» құру бастамасына жоғары баға берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның пікірінше, бұл теңқұқылы серіктестік, ортақ игілік пен өзара құрмет қағидаларына толық сай келеді. Тоқаев аталған ұстанымдар бүгінгі саммит қорытындысы бойынша қол қойылатын «Мәңгі тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шартта» көрініс табатынына сенім білдірді.

Президенттің айтуынша, Қазақстан Орталық Азияның бейбітшілік, орнықты қауіпсіздік пен өнімді ықпалдастық мекені болғанын қалайды.

«Еліміз діни экстремизммен, терроризммен, сепаратизммен, есірткі тасымалдаумен, заңсыз қару-жарақ саудасымен, рұқсатсыз көші-қонмен және адам саудасымен ымырасыз күресті жалғастыруға әзір. Халықаралық киберқылмыстың өршуі айрықша назар аударуды талап етеді. Осыған орай президент салалық ведомство басшылары арасында тұрақты байланыс орнатуды ұсынды», - делінген Ақорда таратқан хабарламада.