«Қол қоюға дайындаламыз»: Тоқаев Қытаймен тағы бір келісімнің болатынын айтты
Орталық Азияда әлем бойынша уран қорының 20 пайызы бар

Президент Орталық Азияның энергетика саласында үлкен әлеуеті бар екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол энергетика саласындағы ықпалдастықты өңірдің орнықты дамуына әсер ететін ең басты факторлардың бірі ретінде атады
«Әлемдегі уран қорының 20 пайызы, мұнайдың 17 пайыздан астамы, табиғи газдың 7 пайызы, сондай-ақ сирек кездесетін металдардың мол кені Орталық Азияда шоғырланған. Яғни бұл саладағы әлеуетіміз орасан зор. Біз озық технологиялар алмасуға және энергетика инфрақұрылымдарын жаңғыртуға ниеттіміз. Сондай-ақ аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, технологиялық тұрғыдан ілгерілеуге және қуат көздерін әртараптандыруға мән берген жөн», - деді президент.
Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасының ядролық энергетиканы дамытудағы бай және табысты тәжірибесін ескере отырып, аталған стратегиялық салада орнықты ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенімізді жеткізді.
«Жуық арада келісімге қол қоюға дайындаламыз», – деді президент.