Бектенов Иранның ауыл шаруашылығы жихады министрімен кездесті
Қазақстан мен Иран ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді

Премьер-министр Олжас Бектенов Иран Ислам Республикасының ауыл шаруашылығы жихады министрі Голамреза Нури Гезельдже бастаған делегациямен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесу барысында тараптар екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша тауар айналымын арттыру және транзиттік-логистикалық мүмкіндіктерді кеңейту мәселелерін талқылады.
Қазақстан бидай мен арпа экспорты көлемін жылына 2 млн және 1 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Ал 2025 жылдың алғашқы төрт айында аграрлық экспорт үш есеге өсіп, 116 млн АҚШ долларына жетті.
Иран тарапы мал және құс шаруашылығы бағытында тәжірибе алмасуға қызығушылық танытты. Сонымен қатар қосылған құны жоғары өнімдерді қайта өңдеуге бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігі қарастырылды.
Кездесу қорытындысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты ілгерілету мақсатында бірлескен жұмыс тобын құруға келісті.
Анықтама:
2024 жылы Қазақстан мен Иран арасындағы өзара тауар айналымы 340 млн АҚШ долларынан асты. 2025 жылдың 4 айында бұл көрсеткіш 173,5 млн долларға жетіп, 78,3%-ға артты.