Тоқаев Словакияның үкімет басшысымен келіссөз жүргізді
Роберт Фицо сапарының жемісті болатынына сенім білдірді

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Словакия Премьер-министрі Роберт Фицомен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, бүгін Тоқаев Ақордада Словакия премьер-министрі Роберт Фицоны салтанатты түрде қарсы алды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Роберт Фицо бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.
«Қазақстан мен Словакияны тығыз ықпалдастық байланыстырады. Біз ірі жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Дегенмен тиісті деңгейде зерделеп және болашақта қолға алатын жаңа бағыттар бар деп ойлаймын. Сондықтан Сіздің бұл сапарыңызға ерекше мән береміз, сондай-ақ екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді деген сенімдеміз. Сіздің еліңізбен қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз және Словакияны Қазақстанның Еуропа Одағындағы негізгі серіктестерінің бірі санаймыз. Сол себепті, мен Президент ретінде мемлекеттеріміз арасындағы ықпалдастықты түрлі салада кеңейту үшін бар күш-жігерімді саламын», – деді Тоқаев келіссөз кезінде.
Роберт Фицо бұл сапарының жемісті болатынына сенім білдірді.
«Жоғары Мәртебелі Президент мырза, қонақжайлық танытқаныңыз үшін зор ризашылығымды білдіремін. Елдеріміздің саяси ұстанымында алшақтық жоқ екенін растаймын. Сондықтан өзара тиімді экономикалық байланыс пен достыққа баса мән беруіміз керек. Бүгін біз қос тарапқа да қызықты әрі маңызды бірнеше жобаны талқылаймыз. Бұл сапарымның қорытындысы табысты болатынына сенімдімін», – деді Словакия премьер-министрі.