Қазақстан тарапы өз азаматтарының Грузиядан жиі депортацияланып жатқанына алаңдайды – СІМ
Сондай-ақ бұл елдің құзырлы органдары қазақстандықтарды Грузияға жиі кіргізбейтін болған

Қазақстан мен Грузияның сыртқы істер министрліктері Тбилисиде кезекті консулдық консультациялар өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Еліміздің Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, қазақ делегациясын Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаменті директорының орынбасары Бауыржан Досманбетов, ал грузин делегациясын Грузия Сыртқы істер министрлігінің Консулдық департаментінің директоры Георги Табатадзе басқарды.
«Кездесу аясында қазақ тарапы Грузияның Қазақстан азаматтарын елге кіргізуден жиі бас тартатынын және кейіннен оларды елден шығару жағдайларына алаңдайтынын мәлім етті. Қазақ тарапы Қазақстан азаматтарының басым бөлігі Грузияға туристік мақсаттармен келетіні және қабылдаушы елдің заңнамасын берік сақтайтынын назарға алды», - деп хабарлайды СІМ.
Дереккөзге сүйенсек, грузин тарапы биыл мамыр айының басынан бастап Грузияға кіруден бас тарту фактілерінің айтарлықтай төмендегені туралы хабарлап, бұл үрдістің алдағы уақытта да жалғасатынына сендірді.