Қытай мен Қазақстан жаһандық сауда тәртібін бірге қорғайды – Қытай елшісі
Елші екі елдің сауда-экономикалық байланыстары тереңдей түскенін атады

Қытайдың Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлинь АҚШ-тың сауда серіктестеріне бағытталған «өзара баж салығына» қатысты ресми пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елші бұл шараны халықаралық сауда тәртібіне қауіп төндіретін «нөлдік нәтиже ойыны» деп атап өтті. Оның айтуынша, АҚШ өз гегемониялық мүдделерін қорғау үшін халықаралық ережелер мен басқа елдердің заңды мүдделерін елемей, протекционистік және экономикалық қысым саясатын ұстанып отыр.
Хань Чуньлинь Қазақстанды «Бір белдеу, бір жол» бастамасын алғашқылардың бірі болып қолдаған ел ретінде жоғары бағалап, Қытай мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен ортақ тағдыр қауымдастығы идеясына тоқталды. Елші екі елдің сауда-экономикалық байланыстары тереңдеп, өзара сенім мен достықты нығайтып келе жатқанын жеткізді.
«2024 жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 43,82 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 6,8%-ға өскен. Бұл көрсеткіш екі елдің саудадағы тығыз ынтымақтастығының айғағы», - деді елші.
ҚХР елшісі Қазақстан мен Қытайдың Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшелері ретінде көпжақты сауда жүйесін қорғау бағытында бірлесіп жұмыс істеу қажеттігін айтты.
Ол екі елдің Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ), БРИКС және ВТО сияқты халықаралық алаңдарда ұстанымдарын үйлестіріп, АҚШ-тың сауда қысымына бірлесіп жауап беруі тиіс екенін жеткізді.
Елші Қытай экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті.
«2024 жылы ҚХР ЖІӨ-сі 135 трлн юаньға жетіп, жылдық өсім 5% болды. Бұл әлемдік экономиканың шамамен 30%-ын құрайтын үлес. 2025 жылы Қытай бұл өсімді жалғастырып, 5% көлемінде ұлғайтуға ниетті. Елші Қытайдың халықаралық нарыққа ашықтығын кеңейту саясатына адал екенін және сауда-инвестициялық рәсімдерді жеңілдету бойынша Қазақстанмен тығыз әріптестік орнатуға дайын», - деді дипломат.
Хань Чуньлинь сөзінің соңында Қытай Қазақстанмен бірлесе отырып, сауда-инвестициялық үдерістерді жеңілдетуге, өзара тиімді даму мүмкіндіктерін пайдалануға және екі ел халқының игілігі үшін тәжірибелік ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін мәлімдеді.