Тоқаев Әріновті қабылдады: су тасқынына байланысты сегіз өңір бақылауда тұр
Қазақстан көршілес елдермен ақпарат алмасып отыр

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновті қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қасым-Жомарт Тоқаев Шыңғыс Әріновтің есебін тыңдап, ведомствоның атқарған жұмысы мен жүргізілген реформалары туралы ақпарат алды», - деп жазады Ақорда.
Әріновтің айтуынша, 2024 жылы ел аумағында 14 жаңа өрт сөндіру депосы ашылған. Құтқарушылардың жаңа арнайы киім үлгісі бекітілген, әуе кемелері сатып алынған және елді мекендердегі қауіпсіздікті күшейту мақсатында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасының іске қосылған.
«Президентке су тасқыны қаупіне қатысты ахуал жөнінде де мәлімет берілді. Министрдің айтуынша, жағдай тұрақты, сегіз өңірдегі жағдай бақылауда. Мемлекет басшысы су тасқынына қарсы шараларға баса назар аудару, алдын ала ескерту жүйесін жаңғырту және төтенше жағдайдың салдарын жою бойынша бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуын жалғастыру жөнінде міндет жүктеді», - деп хабарлайды Ақорда.