Бірлескен күш-жігеріміз арқылы елімізде кедергісіз орта қалыптасуда - Ерлан Әбдиев
Қазақстанда 737 мыңнан астам мүгедектігі бар адам өмір сүреді

«AMANAT» партиясы жанындағы Мүгедектігі бар адамдардың инклюзиясы жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында партияның сайлауалды бағдарламасын жүйелі жүзеге асыру, мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасау және ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыс барысы талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Іс-шараға Кеңес мүшелері, Мәжіліс депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам белсенділері және бейнеконференцбайланыс режимі арқылы өңірлердегі азаматтар қатысты.
Сөз басында Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттың бірі – мүгедектігі бар адамдардың тұрмысын жақсарту екенін атап өтті.
«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүйелі жүзеге асыру бағытында барлық деңгейде нақты және ауқымды жұмыс жүргізілуде. Бірлескен күш-жігеріміз арқылы елімізде кедергісіз орта қалыптасуда. Биыл 21 ақпанда партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында партияластар еліміздің барлық аймағындағы білім беру ұйымдарында инклюзияны қолдау кабинеттері желісін кеңейтуге қатысты жоспарлы мониторинг жүргізді. Білім беру ұйымдарында инклюзия сыныптарын ашу – балаларға тең мүмкіндік қалыптастыру бағытындағы маңызды қадам. Мониторинг барысында 166 инклюзияны қолдау кабинеті қамтылып, 100-ден астам ұсыныс берілді. Соның ішінде, білім ошақтарын мүгедекті бар адамдарға бейімдеу, материалдық-техникалық базаны жаңарту, инклюзивті білім жөнінде тұрғындарға барынша көп мағлұмат беру мақсатында «ашық есік» күндері мен ата-аналар жиналысын ұдайы ұйымдастырып тұру мәселелеріне назар аударылды», – деді Ерлан Әбдиев.
Сондай-ақ, ол мониторинг барысында инклюзивті білім беретін мамандардың біліктілігін арттыру, логопед, дефектолог, психолог сынды мамандардың жетіспеушілігі, оқу бағдарламаларын ерекше қажеттілігі бар балаларға сай бейімдеу мәселелері назарға алынғанын жеткізді. Оның айтуынша, аталған мәселелерді партиялық бақылуға алып, жедел шешімін табу қажет.
Өз кезегінде, Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан инклюзивті орта құру – барлық білім алушыларға тең мүмкіндікті қамтамасыз ететін негізгі фактор екенін атап өтті.
«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындаудың Жол картасына сәйкес, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау үшін жыл сайын кемінде 1 кабинет ашу көзделген еді. Яғни, 2023 жылы – 42, 2024 жылы – 41, 2025 жылы – 41, 2026 жыл – 38 және 2027 жылы – 38 кабинет ашу жоспарланған болатын. Алайда, 2023 жылы – 95, 2024 жылы – 121 кабинет ашылды. Биыл – 83 кабинет ашу жоспарлануда. Бұл ретте, Ақмола, Маңғыстау облыстары мен Астана қаласы айрықша белсенділік танытқанын атап өту қажет. Өкінішке қарай, 2024 жылы Түркістан, Ұлытау облыстары осы жұмысты жүргізбеді. Аталған 2 өңірде жоспарлы көрсеткіш орындалған жоқ. Жалпы, 2021 жылдан бері ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған 1080 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Онда арнайы педагогтер мен педагог-психологтар, педагог-ассистенттер балалармен жеке және топтық сабақтар өткізеді», – деді Еділ Оспан.
Вице-министрдің айтуынша, елімізде психологиялық, медициналық және педагогикалық консультация есебінде ерекші білім беруді қажет ететін 235 мың бала тіркелген. Министрліктің даму тұжырымдамасына сәйкес, даму мүмкіндіктері шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтудың нысаналы индикаторы қарастырылған. Өткен жылғы қорытынды бойынша, осы көрсеткішпен қамту деңгейі – 85%-ды құрады.
Бұл ретте, «BI-Juldyzai» корпоративтік қорының жобалар жетекшісі Алмагүл Сәлімбаева Қордың атқарып жатқан қызметіне тоқталды.
«BI-Juldyzai» қоры 20 жыл бойы мүмкіндігі шектеулі балаларды, осындай балалар тәрбиеленіп жатқан отбасыларды қолдау бағытында жұмыс істеп келеді. Біз ерекше қажеттілігі бар балалардың шығармашылық қабілетін, спорттық дағдыларын дамытуды, оңалтуды, емдеуді көздейтін ауқымды жобаларды жүзеге асырамыз. Сондай-ақ еліміздегі мүмкіндігі шектеулі балалардың тұрмысын жақсартуға бағытталатын қайырымдылық істерді дамытуға күш саламыз. Қор қолға алған алғашқы жобалардың бірі – «Жұлдызай» шығармашылық фестивалі. Оған еліміздің барлық өңіріндегі 10 мыңнан астам бала қатысады. Іріктеу кезеңінен өтеді. Кейін, Астана қаласында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай гала-концерт ұйымдастырамыз. Тіпті, кейінгі 3 жылда балақайлар «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде өнер көрсетіп жүр», – деді ол.
Осы орайда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов халықтың әлеуметтік осал тобының еңбек құқығын қорғау мақсатында мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары институты енгізілгенін жеткізді.
«Бұл институттың құрылуы – халықты әлеуметтік тұрғыда қорғау саласындағы негізгі проблемаларды шешуге бағытталған уақтылы әрі маңызды шара. Мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмірлік маңызы бар қызметтерге қол жеткізе отырып, еліміздегі заңнаманың орындалуын бақылауды күшейтуге көмектеседі. Бүгінде елімізде халықты әлеуметтік қорғау саласында барлығы 111 әлеуметтік қорғау инспекторы қызмет етеді. Ал осы күні Қазақстанда 737 мыңнан астам мүгедектігі бар адам өмір сүреді. 2024 жылы инспекторлар 2695 тексеру жүргізді. Яғни, бақылау шеңберінде – 741, жоспардан тыс – 751 және прокуратураның талабы бойынша – 1203. Нәтижесінде, қызмет көрсетушілерге 1000-нан астам ұйғарым беріліп, 230 миллион теңгеден астам сомаға 900-ден астам айыппұл салынды. Бұл ретте 174 әкімдік, 160 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, 49 жеке кәсіпкер, 802 мектеп және тағы басқалар тексерілгенін айта кету қажет», – деді Төлеген Оспанқұлов.
Жиын барысында Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев еліміздегі инклюзивті туризмді дамыту мәселесін де назардан тыс қалдырмады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы Заңға қол қойды. Осы құжатты әзірлеу барысында алғаш рет инклюзивті туризм ұғымын енгізген едім. Яғни, аталған заңның 10-бабындағы 1-пунктің 17-тармақшасындағы «Жергілікті органдар туризмнің дамуына барлық жағдай жасайды» деген тұсты «Соның ішінде, мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді, кедергісіз орта қалыптастырады және инклюзивті туризмді дамытуға қолдау жасайды» деген сөйлеммен толықтырдым. Сондай-ақ тек бір заңмен шектеліп қалмай, нормативтік-құқықтық акті болуы үшін, сол заңның ішіндегі заңға тәуелді актілерді ашып, Туризмге қатысты салалық заңға да осы ұғымды енгіздік. Осы заң арқылы елімізде инклюзивті туризмді дамыту мәселесі жүйелі жолға қойылады деген сенімдемін», – деді Ерлан Әбдиев.
Сондай-ақ, отырыста Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, Көлік министрлігінің өкілдері, бейнеконференцбайланыс режимі арқылы өңірлердегі азаматтар сөз сөйлеп, мүгедектігі бар адамдарға қолайлы орта қалыптастыру мәселесін жан-жақты талқылады.